• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Шілде, 2020

С.Бармақов жол мәселесіне қатысты бірқатар сұраққа жауап берді

254 рет
көрсетілді

Республикадағы автожолдар сапасының жай-күйі — өзекті мәселелердің бірі. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылдан бастап елімізде "Нұрлы жол" ауқымды мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы Премьер-Министрдің Баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Бірінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автожолдардың үлесі 88%-ға дейін және жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 71%-ға дейін жетті. Биыл Қазақстан келесі бесжылдықты іске асыруға кірісті. Республиканың жол инфрақұрылымы қалай өзгергендігі, бағдарламаны іске асырудың жалпы әсері, сондай-ақ автожол саласының маңызды жобалары туралы PrimeMinister.kz берген сұхбатында Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов айтып берді.

— Биыл 10 маусымда Премьер-Министр А.Мамин Көлік жөніндегі кеңес отырысында ақылы жолдарды енгізуді жеделдетуді тапсырды. Қандай жолдар ақылы болады және аяқтау мерзімін жеделдету бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

— Бүгінгі таңда республика бойынша ұзақтығы 682 км 4 ақылы учаске жұмыс істейді. Олар: Нұр-Сұлтан – Щучинск (211 км), Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 км), Алматы-Қорғас (295 км) және Алматы-Қапшағай (42 км).

2019 жылы "ҚазАвтоЖол" АҚ 11 мың шақырымға төлем алу жүйесін орнату және қызмет көрсету бойынша ашық инвестициялық конкурс өткізді. Оның қорытындысы бойынша "Computer Vision Technologies" ЖШС компаниясы бастаған консорциуммен шартқа қол қойылды.

Келісім "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес автожол саласындағы зияткерлік жүйелерді дамытуды және республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарының ұзақтығын арттыруды көздейді. 2024 жылға дейін инвестор ақылы жолдардың ұзындығын 11 мың км дейін жеткізу жоспарлануда.

Биыл Шымкент – Өзбекстан шекарасы (Ташкентке), Орал – РФ шекарасы (Саратовқа), Қапшағай – Талдықорған, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы (Самара), РФ шекарасы – Ақтөбе – Қызылорда, Ақтау – Бейнеу, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы, Павлодар – РФ шекарасы (Омбы), Павлодар – Семей – Қалбатау, Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасы (Челябинск) секілді ұзындығы 5,7 мың км учаскеде төлем алу жүйесін монтаждау жоспарлануда.

Қазіргі уақытта инвестор Шымкент-Өзбекстан шекарасында (Ташкентке), Орал- РФ шекарасында (Саратовқа), Ақтөбе-Орал-РФ шекарасында (Самара) және Ақтөбе-РФ шекарасы учаскелерінде бақылау аркаларын орнату жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінгі күні барлық қажетті ресурс жұмылдырылып, ҚР Үкіметі қойған міндеттерді орындау үшін құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқыны жылдамдатылуда.

 

— Егер қандай да бір себептермен ақылы жол жүру үшін төлемді жүзеге асыру мүмкіндігі болмаған жағдайда азаматтарға не істеу керек? Ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеу бойынша жеңілдіктер бар ма?

— Қазіргі уақытта "Автомобиль жолдары туралы" ҚР Заңына сәйкес ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін арнайы көліктерге төлемақы бойынша жеңілдіктер қарастырылған: жедел медициналық жәрдем, өртке қарсы қызмет, авариялық-құтқару қызметтері, патрульдік полиция және әскери техника ұйымдары. Бүгінгі таңда жеңілдікті санаттағы Ұлы Отан соғысы қатысушыларына, мүгедектеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға жеңілдіктер беру мәселесі бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылуда.

Ақылы жолға іргелес аудандарға тіркелген көлік құралдары үшін жылдық абонемент бар. Сондай-ақ барлық ақылы жол үшін бірыңғай абонемент енгізу мәселесі талқылануда.

Жол жүру үшін ақы төлеу мүмкіндігінің болмауына қатысты: гибридтік жүйе шеңберінде жұмыс істеп тұрған учаскелерде алдын ала төлем болған жағдайда базалық ставка бойынша ақы төлеу көзделген. Ақы алу пункттерінде қолма-қол ақы төлеу сараланған ставка бойынша жүзеге асырылады.

Ашық төлем жүйесі бар жаңа учаскелерде шотта ақша болмаған жағдайда, яғни алдын ала төлем болмаған жағдайда сараланған мөлшерлемелер бойынша төлем есептеледі, яғни алдын ала төлем жасалған жағдайда бекітілген мөлшерлемелер бойынша есептен шығарылады. Алдыңғы әйнекте орнатылған RFID (Radio Frequency IDentification) белгісі бар тіркелген пайдаланушы қолданыстағы ставкаға жеңілдікке ие болады деп болжануда. Мұндай RFID белгілері клиенттермен жұмыс істейтін орталықтарда әрбір пайдаланушыға бірінші рет ақылы жол учаскелерінде тегін беріледі.

 

— 2019 жылғы 31 желтоқсанда ҚР Үкіметінің қаулысымен 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бүгінгі таңда негізгі жобалар бойынша қандай нәтижелер қандай және жыл соңына дейін қандай жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр?

— Мемлекеттік бағдарламаның басым міндеттері 2025 жылға қарай республикалық және жергілікті маңызы бар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін тиісінше 100%-ға және 95%-ға дейін ұлғайту, жолдарды ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы сервис объектілерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ қолайлы және қауіпсіз қозғалыс үшін жөндеу жұмыстарын орындау болып отыр.

Мәселен, ағымдағы жылы республикалық маңызы бар Қарағанды – Балқаш – Қапшағай, Ақтөбе – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Қалбатау – Майқапшағай, Көкшетау – Петропавл – Қорған, Ұзынағаш – Отар, Мерке – Бурылбайтал, Қостанай – Денисовка, Үшарал – Достық сияқты 4 мың км автожол құрылыс жұмыстарымен қамтылған.

Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың км автожолдар учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарлануда

Талдықорған – Өскемен (763 км) – 763 км;

Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (1056 км) – 645 км (363 км — Қарағанды – Балқаш, 282 км — Балқаш – Күрті); Қалбатау – Майқапшағай (415 км) – 415 км;

Ақтөбе – Атырау – Астрахань (725 км) — 279 км (60 км Атырау – Астрахань, 219 км Қандыағаш – Мақат);

Мерке – Бурылбайтал (266 км) — 266 км;

Көкшетау – Петропавл – Қорған (260 км) — 67 км (60 км — Петропавл – Қорған, 7 км — Көкшетау қ. кіреберіс);

Үшарал – Достық (184 км) — 60 км;

Қостанай – Денисовка (114 км) — 60 км (Рудный – Денисовка)

Ұзынағаш – Отар (96 км) — 56 км.

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде құрылыс жұмыстары басталды. Жобаларды уақытында іске асыру үшін барлық дайындық жұмысы уақытында орындалды.

Жұмысқа тартылған жұмысшылардың саны 200 мың адамды құрайды (құрылыс объектілерінде 100 мың адам, аралас сала – 100 мың адам).

Жергілікті желі жолдарын дамытуға 2020 жылы 236 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға – 181,2 млрд теңге, республикалық маңызы бар қалалардың көше-жол желісіне – 47,8 млрд теңге. 4 мың км жолды жөндеу жұмыстарымен қамту және жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті желі жолдарының үлесін 75%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Республикалық маңызы бар автожолдардың 1,5 мың км жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Күрделі жөндеумен 443 км қамтылған, оның ішінде жыл соңына дейін 62 км автожолды пайдалануға беру жоспарлануда, оның ішінде:

а/ж "Көкпек-Жалаңаш-Қырғызстан шекарасы" – 23 км (Алматы)2) а/ж

"Чапаев-Жалпақтал-Казталовка" – 35 км (БҚО),

а/ж "Алматы-Бішкек (Алтын Орда)" – 4 км (Алматы).

Орташа жөндеумен 1 119 км автожол қамтылды (ресайклинг әдісі – 562 км, жабынды құрылғысы – 211 км, ШПО құрылғысы – 307 км, микросюрфейсинг құрылғысы – 39 км).

 

— Сайранбек Солтанбекұлы, 2019-2020 жж. қысқы маусымда жол желісін қамту туралы айтып беріңізші. Осы қыста жол жұмысшылары қандай қиындықтарға тап болды? Неліктен отандық жолдардың басым бөлігі әр қыстан кейін жарамсыз болып қалады?

— Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 24,9 мың км құрайды, оның 82%-ы (20,4 мың км) "Қазақавтожол" ЖШС-нің қарамағында.

Ұзындығы 682 км автожолдардың ақылы учаскелерін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ "Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы" филиалы ұстайды. (Ұзындығы 3,8 мың км қалған учаскелер қайта жаңарту және жөндеудің ауыспалы учаскелерінде мердігерлік ұйымдардың күшімен реттеледі).

Республикалық маңызы бар автожолдарды қысқы кезеңде күтіп ұстау үшін дайындау шеңберінде еңістерде ағаштар мен бұталарды шабу бойынша жұмыстар жүргізілді, 6 259 су өткізгіш құбырдың тесіктері жабылды, 4 924 уақытша жол белгісі және 36 277 қардан қорғау қалқаны орнатылды.

Сонымен қатар қысқы ұстау үшін қажетті материалдар дайындалды: тұз – 13,9 мың тонна, құм – 61,5 мың м3, елеу – 61,6 мың м3, ЖЖМ – 1 325,8 мың л.

Арнайы қысқы техниканың дайындығы шамамен 90%-ды құрады.

Осыған байланысты "Қазақавтожол" ЖШС 194 бірлік техника сатып алды, оның 114 бірлігі қысқы ұстауға арналған. Сонымен қатар 160 бірлік жалға беру техникасын тарту бойынша жұмыстар жүргізілді.

2019-2020 жылдардың қысқы кезеңі 2019 жылдың қазанында Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ылғалды қар түрінде жауын-шашын түсумен, көктайғақ құбылыстарының пайда болуымен және ауа райының нашарлауымен басталды.

Биыл қаңтарда ауа райының қолайсыздығы (қар, боран, жолдың нашар көрінуі) 6 облыста (Ақмола, Ақтөбе, ШҚО Қарағанды, Павлодар, СҚО) сақталды.

Ақмола және Қарағанды облыстарында жауын-шашын рекордтық мөлшерде түсті (шамамен 50 мм), бұл "Қазгидромет" РМК мәліметтері бойынша нормадан 3 есе артық.

Сонымен қатар ұзақ жауын-шашын, күшті жел мен боран болуына байланысты жолдың көрінуі нашар болды.

Осыған байланысты, Нұр-Cұлтан қаласында Төтенше жағдай режимі жарияланды.

Шектелген учаскелерде жүргін бөлікті тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілді.

Қазіргі таңда жолдардың жекелеген учаскелерінің бұзылуының басты себептерінің бірі — салмақ параметрлерін бұза отырып, ауыр салмақты автокөлік құралдарының қарқынды қозғалысы.

Үлкен жүк автокөліктерінің қозғалысы, әсіресе, көктемгі кезеңде автожолдардың жылдам бұзылуына алып келеді.

Аумақтық көлікті бақылау инспекциялары, жергілікті полиция қызметі, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ және "ҚазАвтожол" ЖШС облыстық филиалдары аталған автокөлік қозғалысына жол бермеу бойынша рейдтер жүргізеді, алайда бұл шаралар уақытша сипатта. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі осы жылы ұзындығы 9 км болатын 10 көше салуды, жалпы ұзындығы 100 км болатын 150 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

 

— Жолдарды жөндеу және күтіп ұстау саласында қандай елдермен тәжірибе алмасасыздар? Жол құрылысына қандай елдер инвестиция салуда?

— Жалпы алғанда, көлік инфрақұрылымын дамытуға ЕҚДБ, АДБ, ХҚДБ және т. б. секілді халықаралық қаржы институттарының қарыз қаражаты тартылады.

Сонымен қатар 2015 жылы Елбасы "100 нақты қадам" ұлт жоспарына бастамашылық етті, оның аясында 58 қадам іске асырылуда, оның мақсаты — жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мен қамтуға стратегиялық инвесторларды тарту.

Осылайша, 2015 жылы республикалық маңызы бар шамамен 2 мың км автомобиль жолдарын қайта жаңартуға Эксимбанктің қарызы тартылды, олар бойынша қазіргі уақытта белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2018 жылдан бастап МЖӘ тетігін белсенді қолдана бастады. 2018 жылы түрік-корей консорциумымен "Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ)" жобасын іске асыру үшін концессия шартына қол қойылды. Жобаны іске асыру жол құрылысы саласында инновациялық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Республикалық маңызы бар осы концессиялық жобаны іске асыруға түрік-корей консорциумының, сондай-ақ ЕҚДБ, ЕАДБ және ИДБ даму банктерінің инвестициялары тартылды.

Сонымен қатар 2019 жылы Қазақстан-Тайвань компаниясымен ең жаңа әлемдік технологияларды қолдана отырып, республикалық маңызы бар 11 мың км автомобиль жолдарына төлем алу жүйесін енгізуге шарт жасалды.

Төлем алудың жоспарланып отырған ашық жүйесі төлемнің барынша жиналуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жол желісінің жай-күйін және қозғалыс қауіпсіздігін қадағалайтын болады. Жобаны іске асыру қазақстандық банктердің инвестициялары есебінен жүзеге асырылады.

Жолды қамту тұрғысынан ҮАААЖ жобасын 15 жыл бойы жолдарға қызмет көрсету жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес консорциум құрамынан корей компаниялары қамтитынын атап өткен жөн. Осының бәрінен жобаларды іске асыру, қамту және қызмет көрсету циклына қатысатын қазақстандық мамандардың мол тәжірибе алары сөзсіз.

 

— Шымкентте биыл жолдарды ауқымды жөндеу жұмыстары басталды және маңызды жобалардың бірі – болашақта Шымкент пен Ташкент арасындағы жолды жалғастыратын республикалық маңызы бар көпір. Бұл жобаны қашан аяқтау жоспарланып отыр?

— Ұзындығы 31,6 км болатын А-2 автомобиль жолының учаскесі (Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы) 2016 жылы Шымкент қаласының теңгеріміне берілді. Аталған автомобиль жолын реконструкциялау мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалық-сметалық құжаттама 8 учаскеге бөлінген, бүгінгі күні 4 учаскеде ЖСҚ дайын (жалпы ұзындығы 7,5 км, сомасы 6,4 млрд тг).

Қазіргі уақытта 3 учаскеде жұмыстар жүргізіліп жатыр (жалпы ұзындығы – 5,6 км, сомасы – 5,1 млрд теңге).

Учаскелердің бірі — Бадам өзені арқылы өтетін көпір (мал базары ауданында). Көпір 2 бөліктен тұрады (сол, оң), 2019 жылы көпірдің сол жағы салынды, 2020 жылы ескі көпір бұзылды, ескі көпірдің орнына көпірдің оң жағының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты 2020 жылғы қараша айында аяқтау жоспарланған.

 

— Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жұмыстардың орындалу сапасы мен материалдар сапасына қандай талаптар қойылады? Соңғы жылдары енгізілген жаңа технологиялар бар ма?

— Жұмыстардың орындалу сапасы тұрғысынан жобалық және техникалық құжаттамада белгіленген талаптарды сақтауға талаптар қойылады, олардың негізі — үздік халықаралық практикамен үйлестірілген нормативтік құжаттардың талаптары.

Талаптардың сақталуын бақылау бес сатылы бақылаумен қамтамасыз етіледі: тапсырыс беруші, мердігер, техникалық қадағалау, жоба авторы. Бесінші саты — өткен жылы құрылған Жол активтері сапасының ұлттық орталығы.

Бұдан өзге Орталық базасында "Адалдық алаңы" жобалау кеңсесі жұмыс істейді.

Жалпы, өткен жылы аталған шаралар бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және жою тұрғысынан оң нәтиже көрсетті, қолдануға жарамсыз материалдар жойылады.

Жаңашылдықтардың бірі — республикалық желіде сынақтан өтетіндердің сапасына 3 жаңа тәсілді қарастыру:

біріншісі — мердігерлердің өз есебінен жойылатын ақауларды уақытылы анықтау бөлігінде кепілдікті учаскелерге мониторинг жасау;

екіншісі — жолдардың нақты жай-күйін жылжымалы зертханалардың құралдық бағалауы, олар жолдың жабындысының ақауларын, тегістігін және басқа да параметрлерін белгілейді. Бұл нәтижелер 3 жылға желіні жөндеуді жоспарлауға негіз болады;

үшінші — жол қауіпсіздігінің мониторингі, соның нәтижесінде ЖКО қауіптерінің деңгейі белгіленеді және оларды төмендету бойынша іс-шаралар кешені әзірленеді.

Жалпы, осы жылдың соңына қарай жолдарды жөндеу мен салу сапасының, тиісінше, техникалық қадағалау мердігерлері мен инженерлерінің объективті рейтингін жасау жоспарланып отыр.

Жаңа технологиялар мәселесі тұрғысынан құрылыс және қайта жаңарту учаскелерінде, сондай-ақ орташа және күрделі жөндеу учаскелерінде модификацияланған қиыршық тас-мастикалық және асфальт-бетон қоспаларының полимерлерін толық көлемде қолдануды атап өткім келеді.

Бұдан өзге, құрылыс ұйымдары жолдарды жөндеу аясында жол киімін толық қайта дайындауға байланысты шығыстарды қысқартуға мүмкіндік беретін ресайклирлеу технологиясын жақсы игерген.

Бұл технологиялар республикалық желі жолдарында да, жергілікті жерлерде де, елді мекендердің көшелерінде де қолданылады.

Сонымен қатар әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарда жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу үшін автомобиль жолдарының қолданыстағы республикалық желісінде тәжірибелік-эксперименттік полигондар жүйесін құру мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұл жаңа материалдар мен технологияларды енгізу саясатын жүйелендіруге, оны бұрын соңды болмаған салалық және қоғамдық ұйымдар үшін айқын етуге мүмкіндік береді.

 

— Қазақстанда жолдарда қандай басты мәселелер бар? 2020-2021 жылдары автомобиль жолдарын қамту бойынша қандай жоспарлар бар?

— Автожолдарды күтіп ұстау алдында тұрған басты мәселелердің бірі — қаражат тапшылығы, тиісінше бұл қажетті техниканың жетіспеушілігіне әсер етеді. Биыл республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстауға 26,6 млрд теңге немесе қажеттілік нормативінің 62% қарастырылған (норматив 43 млрд теңге).

Өз тарапымыздан қазіргі таңда біз алдағы күзгі-қысқы кезеңге автомобиль жолдарын дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіттік.

Осы Жоспарды орындау аясында өндірістік базаларды, жол-пайдалану техникасын дайындау жұмыстары басталды. Қар тазалау техникасына тексеру жүргізіледі және биылғы 1 қыркүйекке дейін қажетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу көзделген.

Сонымен қатар өткен жылдың мысалында қысқы қамту үшін жеткілікті техникамен қамтамасыз ету мақсатында жалға берілетін техниканы тарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде өңірлерде жалға алу үшін шарттар жасасу мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ тайғаққа қарсы қажетті материалдар, қардан қорғау қалқандары және қар тасылатын учаскелер үшін белгілер дайындалуда. Өткен жылдардың тәжірибесінің негізінде ерекше бақылауды қамтамасыз ету үшін қар басатын учаскелер анықталуда және жол техникасын орналастыру схемасы дайындалды. Бұдан өзге, қамту сапасын жақсарту мақсатында осы жылдың шілдесінен бастап ұзындығы 424,4 км республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының пилоттық учаскелерінде ақаусыз қамтуды енгізу жоспарлануда (Ақтөбе – Мәртөк учаскесі — 92,4 км, Қапшағай – Талдықорған — 186 км және Семей қаласы – Павлодар облысының шекарасына дейін — 146 км).

Бұл үшін биыл Ақаусыз қамту деңгейін бағалау бойынша ұсынымдар бекітілді.

Пилоттық учаскелерде ақаусыз ұстау тиімділігі расталған жағдайда одан әрі автожолдардың басқа учаскелерінде алынған тәжірибені кезең-кезеңмен енгізу жоспарланған.

Тағы бір проблемалық мәселе — жол қозғалысына қатысушылардың апатты жағдайларды тудыруы, жүргізу мәдениетін жетілдіру қажет. Жол жамылғысының жай-күйі жақсарған кезде жүргізушілер жылдамдық режимін сақтай отырып, жол қозғалысы ережелерін жиі бұзады. Жол-көлік оқиғаларының санын қысқарту және болдырмау үшін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетімен бірлесе отырып, бекітілген Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес бірлескен іс-қимылдар қабылдануда.

Сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсету объектілеріне қатысты көптеген сын айтылуда. Айта кету керек, айтылатын сындардың басым бөлігі кәсіпкерлердің қолданыстағы жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтіруге деген қызығушылығының болмауына қатысты.

Осыған байланысты облыстардың әкімдіктеріне осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет деп санаймын.

Өз кезегінде Министрлік республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГТ) кезең-кезеңмен орналастыруды қамтамасыз етеді. Биыл СГТ 70 бірлігін орнату жоспарланған.

2025 жылдың соңына дейін "2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында 297 санитарлық-гигиеналық торапты орнатуды қамтамасыз ету көзделген.