Елбасымыздың 80 жылдық мерейтойына орай елорда күні қарсаңында «Egemen Qazaqstan» басылымында жарық көрген профессор М.Қасымбековтің «Көшбасшы феномені» мақаласында Тұңғыш Президент тұлғасының тұтас ауқымы мен тереңдігі, оның Мемлекет басшысы ретінде мемлекеттің қалыптасуына ықпал етуі жан-жақты талданып, зерделенген. Мақалада Елбасының көшбасшылық қасиеттеріне талдау жүргізу арқылы ұлттың рухын ояту, мемлекеттілікті жаңғырту миссиясын толық орындаудағы шешімдері жан-жақты қарастырылады.
Біз аталған ғылыми мақаланың методологиясы ретінде бүгінгі таңда мемлекет болып қалыптасудан бастап, тәуелсіздіктің стратегиялық тарихы туралы талданып көрсетілген Елбасының 100-ге жуық еңбектерінің, ақыл-ойларының қоры бар екендігін айтар едік.
Осы ғылыми жұмысты қор ретінде жинақтап, бірнеше ғылыми институттар атқаратын істі қолға алып, қарқынды да нәтижелі жүргізіп отырған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Кеңсесінің басшысы, профессор Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков. Бұл қолданбалы материалдар – бүгінгі күні білім саласының жаңа мүмкіншілігі. Олай болса, Тұңғыш Президентіміздің көп салаларды қамтитын еңбектері ғылыми бағыттардың методологиясы бола алады. Бұл оқу орындарында жаңа білім беру бағдарламаларына енгізілуі керек.
«Нұрсұлтан Әбішұлының саяси көшбасшылығының феномені оның көпқырлы қызметінің бүкіл өн бойында көрініс тауып, ол тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, дана стратег, ұлы реформатор және қазіргі заманның көрнекті саяси қайраткері ретінде ұлт тарихына енді», дейді ғылыми мақала авторы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана көшбасшы, реформатор ретіндегі жаңа Қазақстанды құрудағы бірегей жобалары түркі тарихында ғасыр өтсе де, өшпестей ізін қалдырған Кемал Ататүріктің мемлекет құру жолындағы қайталанбас еңбегімен тең дәрежеде.
Даму жағынан кенжелеп қалған түрік халқын ХХ ғасыр деңгейіне ілестірген Ататүрік әскери данышпан, харизмалы көшбасшы, сондай-ақ жан-жақты реформатор болды. Сол кездегі Түрік Республикасының заманауи өркениеттер деңгейіне көтерілу және мәдени дамыған елдер қатарында болуы үшін елдегі барлық жағдайлар жаңғыртылуы тиіс болатын. Мұстафа Кемал өз елінің өмірін жаңартты. Ататүрік елдің саяси, әлеуметтік өмірінде Түркияны заманауи мемлекетке жылдам айналдыруға бағытталған бірқатар түбегейлі реформаға бастама жасап, жүзеге асуына ықпал етті. Ол еуропалық үлгілер бойынша Түркияның жаңа даму моделін жүзеге асырды: әскери, күнделікті киім үлгісінен бастап, әліпбиге дейін реформа жасады, халықты жаппай сауатты ел атандыруға жол ашты. Кемализм дәуірі күні бүгінге дейін өз нәтижесін көрсетуде. Осылайша, ол ХІХ ғасырдың орта шенінде қалып келе жатқан түрік елін ХХ ғасырдың жаңа биігіне алып шықты.
Түріктер жүз жылдан астам Ататүрік есімін әлемге дәріптеу арқылы, түрік халқын халықаралық аренаға шығарды: саяси реформатордың ұлт көшбасшысы ретіндегі орнын айқындады. Ататүрік тұлғасын қадірлеудің өзгеше сипатын жүздеген жыл бойы қалыптастыруда түріктердің жоғары деңгейін көрсетті, мұны өздері әлемге әйгіледі. Бұл – түріктердің ұлт ретіндегі жоғары деңгейі. Қазіргі Қазақстанның негізін қалыптастыруда еңбегі ерен Елбасымыздың есімін, болмысын дәріптеу барысында біз кемел келешекке өзінің орнын айқындай қадам басып келе жатқан түріктердің позициясын ұстанар болсақ: бұл – ең біріншіден, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тұлғаны қадірлей білудің терең тәрбиелік өнегесін көрсетеді, әрі екіншіден, Қазақ елінің интеллектуалды болмысы мен ел болып қалыптасудағы кемеңгерлігін әлемге танытуда зор рөл атқарады.
Тұңғыш Президент – Елбасының мемлекетті қайта қалпына келтірудегі, егемендік ұғымының мазмұнын байытудағы, елдің геостратегиялық орнын айқындаудағы табандылығы мен даналығы ғылыми мақалада терең айқындалған. Профессор М.Қасымбековтің ғылыми мақаласының дидактикалық негізі де осында.
Елбасы қазақ жастарының шетелдерде білім алуы, жасампаз Қазақстанды бірге құру стратегиясы, латын әліпбиі арқылы төл тілімізге оралу, ел экономикасын алға дамытудағы жоспарлы іс-шаралар, ел астанасының бой түзеуі, халықаралық шаралардың Қазақстанда өтуі сынды берік, прагматикалық идеялары арқылы Назарбаев есімі Қазақстанды танытты.
Алыс-жақын шет елдер Назарбаевты көшбасшы ретінде тани білуінің арқасында Қазақстан да жас тәуелсіз мемлекет қатарында емес, жаңарған, бой түзеген, әлемдік картадан өзіндік орнын айқындаған дамушы мемлекеттер қатарынан орын алды.
Бұл тұрғыдан алғанда, түріктерде сан жылдар бойы «кемализм» идеясы жүзеге асса, Қазақстан саяси-экономикалық, құқықтық, идеологиялық реформаларды жүзеге асыруда «Назарбаев жолын» жасауы тиіс.
«Көшбасшы» – көштің басшысы, лидер, елдің басшысы. Елбасы – Тұңғыш Президент тарихи көштің, тәуелсіз ел көшінің сұңғыла басшысы. Ол – иісі қазақ баласының Атақазағы.
«Феномен» – бір сөзбен айтсақ, – құбылыс. Қазақ елі тарихының жаңа кезеңін қалыптастыруда Назарбаевтың батыл қадамдары шын мәнінде, құбылыс болып есептеледі.
Қорыта келгенде, профессор М.Қасымбековтің ғылыми мақаласына жүйелі ғылыми сараптама жасау барысында айтарымыз: «Көшбасшы феномені» – ғылыми методологиясы негізделген, мақаладағы әрбір тарауларында Тұңғыш Президенттің сан алуан лидерлік қырлары сараланған, инновациялық экономиканың жаңа салалары мен сегменттерін қалыптастырудағы Елбасының рөлін айқындайтын, әрі ұлттық код пен рухани қалыптасудың халықтық төл моделін қалыптастырған көшбасшы екендігін танытатын ғылыми тұжырым.
Мейір Ескендіртегі,
«SWISS-SASEM» Швейцария бизнес мектебінің президенті, профессор