• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экология 08 Шілде, 2020

Ұлттық парктерді қолдау қоры құрылды

238 рет
көрсетілді

Қазақстанда ұлттық парктерді қолдау қоры құрылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады. Қорды құрудағы негізгі мақсат – өркениетті экотуризмді дамытуға бағытталған жобаларды қолдау, еліміздегі ұлттық парктерді сақтауға қоғам белсенділерін жұмылдыру.

Бұл қордың құрылуына бастаманы алматылық экобелсенді Сергей Спицын көтерген. Ол табиғат жанашырларымен бірге 7-8 жылдың көлемінде Іле Алатауы ұлттық паркі мен Алматы хайуанаттар бағында бірнеше әлеуметтік жобаларды іске асырып келеді. Осы аймақты жас­та­йынан жетік білетін экобелсенді үш емдік су қайнарын көркейтіп, Алматының маңындағы, атап айт­қан­да, Горельник пен Алма-Арасан шат­қа­лындағы көпірді реттеумен бірге хай­уанаттар бағында гималайлық және тяньшандық аюларға, сондай-ақ амурлық жолбарысқа арналған қаумалды орнатуға күш салды. Ме­це­нат­­тың айтуынша, осындай жобалар ұлт­тық парктерді қолдау қорын құру идея­сына алып келген.

«Әлбетте осындай жобаларды жеке өзіме жалғастыра беруге еш қиындық жоқ. Бірақ ұлттық парктер мен тауларымыз бұдан да ауқымды қамқорлыққа мұқтаж. Сәйкесінше үлкен қаражат қажет. Қазір Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамытуға арналған ауқымды бастаманы «Turanga Group» компаниясымен бірлесіп іске асырып жатырмыз. Үлкен Алматы шатқалында өркениетті демалуға жағдай жасалмаған. Тіпті қоқыс тастайтын орын жоқ. Біздің міндетіміз – қоқысты бөліп жинайтын жерлерді белгілеу ғана емес, әлемдік тәжірибенің негізінде жүйелі ойластырылған әдіспен таулы жерлерде заманауи демалыс ұйымдастыру. Айталық Үлкен Алматы шатқалында жол жиегіндегі автокөлік тұрақтарына шағын «қалталар» орнатуды жос­пар­лап отырмыз. Осындай жұмыс «Аюсай» шатқалында іске асырылды. Оның баламасын Еуропадан көрген едік. Бүгінде халық орманның ішіне көлікпен кіріп жатыр. Көліктер жол жиегінде қалғаны дұрыс деп есептейміз. Ашық алаңқайларға табиғаттағы серуенге арналған ша­ғын үстелдер, шағын мангалдар ор­на­тқымыз келеді. Оның бәрі нөмір­ле­­­ніп, тұрғындар мен туристерге бұ­рын­ғыдай тегін болып қалады. Бұл ұлт­тық парктегі туризмді жақсартуға, өр­кениетті демалысқа жағдай жасайды», дейді С.Спицын.

Қоғам белсендісі инвесторлармен бірігіп, жақын жылдары қоғамның ұлттық парктерге қатысты көзқарасын түбегейлі өзгертуді көздейтінін айтады. Қанатқақты жобаны іске асыру арқылы бастамашыл топ мемлекетпен бірлесіп, қоршаған ортаны сақтаудан бөлек экотуризмді дамытудың ауқымды жобаларын жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді.

«Болашақта барлық салынған қаражаттың есебін беруге дайынбыз. Белгілі блогерлер мен экобел­сен­ді­лер­ді қорды бақылау кеңе­сіне кіруге ша­қырамыз. Шет мем­ле­кет­тердегі ұлт­тық парктерде бол­ған­да, демалу мә­д­ениетінің қан­ша­лықты жоғары деңгейде екенін бай­қа­дым. Біздің ел де олардан кем емес», деді алматылық азамат.

Биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы ұлттық парктерде экотуризмді дамыту жобасын іске асыруды бастады. Осыған байланысты тендерге алғашқы болып Іле Алатау паркі қойылды. Салалық министрліктің ақпаратына сәйкес, аталған парктегі экотуризмді дамыту бойынша байқауды Александр Гужавин басқаратын «Turanga Group» компаниясы жеңіп алды. Ол 4 жыл ішінде бұл жобаға 12 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, осы аумақта тегін әжетхана, жаяу жүргіншілерге арналған жайлы жолдар, парктегі әдепті ұстануға байланысты толық ақпаратпен қамтитын туристердің сапарлау орталығын салу сынды жағдай қарастырылмақ.