Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы пандемияға орай елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты телевизиялық үндеу жасап, отандастарымызды мазалаған түйіткілді мәселелерді атап өтіп, азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
«Коронавирустың таралуы бәсеңдемей отыр. Кейбір елдерде бұл індет қайтадан ушығып бара жатыр. Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол себепті, бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелді. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында да, Қазақстанда ауырғандар саны айтарлықтай көп, қайтыс болғандар да аз емес. Осыған орай Мемлекет басшысы 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып белгіленгенін атап өтті. Бұл – аты жаман індеттен о дүниелік болған отандастарымыздың, асыл азаматтарымыздың алдындағы парыз деп ұғынған абзал.
Сонымен қатар Президент қазақстандықтарды екі аптаға белгіленген карантин шараларын қатаң сақтап, саналы түрде әрекет етуге шақырды. Оның айтуынша, ережелерді ескергенде ғана нәтиже болмақ. Бұл орайда ол коронавирустың таралуына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түскендігін атап өтті. Дегенмен, қалыптасқан жағдайға қарамай, мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқандығын да ескерген ләзім.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігі жайына да тоқталды. Шындығын айтқан жөн, бүгінде медициналық препараттардың дәріханаларда болмауы жұртшылықтың ашу-ызасын тудырып жатқаны рас. Бар болған күннің өзінде бағасының бірнеше есе көтерілгендігі турасында әлеуметтік желідегі әлеумет жазып та, айтып та жатыр. Президент қажетті дәрі-дәрмектер қорының көбейетіндігін, оның бағасын негізсіз өсіріп, қиын-қыстау күндерде пайда табуды көздегендер заң шеңберінде жазаланатындығын жеткізді. Бұл тарапта нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар күшейетіндігін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы телеарналар арқылы дәрігерлердің кеңесі көптеп берілуі қажеттігін де атап өтті.
Осы орайда айта кетейін, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы 9 шілдеден бастап тікелей эфирде «Теледәрігер» жобасын бастайды. Еліміздің білікті дәрігерлері бес күн бойы тікелей эфир арқылы көрермендермен байланысқа шығып, әлемді жаулаған коронавируспен күресудің жолдарын түсіндіреді. Бағдарлама сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылып, студияға келген мамандар тек көрермен тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап береді. Негізгі мақсат – ел тұрғындарына, әсіресе шалғай ауыл-аймақтағы көрерменге қазіргі күрделі ахуалға байланысты күнделікті медициналық кеңес беру. Дәрігерлер тікелей эфир барысында COVID-19 вирусы мен өзге де аурулардан сақтану мен алдын алу шаралары, емдеу тәсілдері туралы нұсқаулық береді.
Қолға алынып жатқан іс-шаралардың көздеген мақсаты бір: аты жаман індетті ауыздықтау, ұлт саулығын қалыптастыру, азаматтарды аурудан арашалау.
Сөзімді Мемлекет басшысының пайымды ойымен түйіндесем: «Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. «Денсаулық – зор байлық» деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік. Әр азаматтың амандығы үшін күресейік!».
Гаухар Алдамбергенова,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры