Бұл туралы Маңғыстаудағы коронавируспен күрес шаралары тақырыбына арналған онлайн-брифингте облыс әкімі Серікбай Трұмов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгінгі күні медициналық мамандардың жұмыс көлемі артты. Дәрігерлер науқастардың өмірі үшін күн-түн демей аянбай күресуде. Алайда, науқастардың көбейуіне байланысты өңірде медицина мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Ем алу шараларына 200 медициналық қызметкер жұмылдырылған. Десе де, өңірде реаниматологтар, инфекционисттер, терапевттер және жалпы практика дәрігерлері тапшы.
Аталған мамандарды облысқа алдыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзге аймақтан жоғары білікті мамандар шақыртылуда. Алдағы уақытта өзге облыстан дәрігерлер келетін болады. Сонымен бірге Маңғыстауға ресейлік 5 маманның келуі күтілуде. Жаңаөзен қаласына да облыс орталығынан қосымша 3 дәрігер маман жіберілетін болады. Бұл қосымша күш өңір дәрігерлеріне үлкен қолдау болмақ.
"Барлық дәрігерлерді қолдау мақсатында олардың қауіпсіздігі үшін жайлы қонақ үйлерге орналастырылып, үздіксіз тамақтандырылып, үстемақылары толық көлемде төленіп жатыр", деді МО әкімі Серікбай Трұмов.
Сонымен қатар аймақтағы қала мен аудандарда бірқатар мектептердің ішінде орналасқан егу бөлмелері халыққа медициналық қызмет көрсету жұмыстарына жұмылдырылды. Мектептердің егу кабинеттерінде кәсіби білікті мейірбикелер толыққанды медициналық ем-шараларын жасайтын болады.
"Коронавируспен күрес шараларына волонтерлар да атсалысып жатыр. Облыс бойынша провизорлық орталықтарда 80-ге жуық ерікті қызмет етуде. Олардың ішінде, облыстық волонтерлар корпусының жастары, медициналық колледж студенттері, өңірдің спортшылары, сонымен бірге қалыптасқан жағдайға бей-жай қарай алмаған бірқатар азаматтар бар. Осы орайда, барша волонтерларға алғыс білдіремін", деді С.Трұмов.