Күн өткен сайын қаншама отандастарымыз айтып келмейтін апаттың азуында кетіп жатыр. Кейбірінің дерті асқынып, емдеу шипа бермесе, енді біріне қажетті дәрі-дәрмек уақтылы жетпей ажал құшуда. Осылайша отандық фармацевтиканың да үдеп бара жатқан індетке қарсы тұрарлық қауқары азая түскені белгілі.
Осынау қиын-қыстау шақта Шымкент қаласындағы «Химфарм» кәсіпорны және «Зерде-Фито» фармацевтикалық компаниясы қаладағы дәріханаларға үздіксіз дәрі-дәрмек жеткізе бастады.
Бұл бірінші кезекте шетелден келетін тауарға қарап қалмай, өз өнімдерімізбен науқастарды емдеуге септігін тигізді. Сонымен қатар медициналық көмекті өз уақытында көрсетуді қамтамасыз ету үшін бірыңғай дистрибьютор арқылы 207,1 млн теңгеге қосымша дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарға тапсырма берілді. Бүгінгі күнде 76,8 млн теңгеге тауар жеткізілді.
Мониторинг нәтижесі бойынша көптеген дәріханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Тұрғындар сұранысының көбеюіне орай ыстықты түсіретін дәрілердің (парацетамол, эффералган, панадол, нурофен, ибупрофен, нимесулид) 238 486 қорап қоры бар. Оның ішінде дәріхана қоймаларында 115 389 қорап болса, дәріханаларда 123 097 қорабы сақталған.
Ал вирусқа қарсы дәрілердің (ингавирин, эргоферон, кагоцел, арпефлю) қоры – 38 187 қорап, оның ішінде 25 518 қорабы дәріхана қоймаларында, ал дәріханаларда 12 869 қорабы бар.
Тұрғындар бірінші кезекте сұрайтын антибиотиктердің (азитромицин, цефтриаксон, цефиксим, амоксициллин, левофлоксацин) 592 899 қорап қоры болса, оның ішінде дәріхана қоймаларында 502 788, дәріханаларда 90 101 қорабы саудалануда.
Дей тұрғанмен, дәрі-дәрмек шығаратын зауыт өкілдері құралдардың максималды түрде өндіріліп жатқанын айтады. Алайда халықтың сұранысы күннен-күнге артып келеді. Осыған байланысты тапшылық пайда болған.
«Біз елді дәрі-дәрмекпен қамту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жүрміз. Бағаның қымбаттап кетпеуі үшін делдалдар қатарын көбейтпеуге де тырысып әлекпіз. Барлығы жұрттың денсаулығы үшін жасалып жатыр», дейді «Химфарм» АҚ SANTO компаниясының директоры Ирина Чублукова.
Қазіргі таңда қалада вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс жоғарылап, фармацевтикалық компаниялар тапсырысын 5 есеге арттырған. Шаһардағы «Химфарм» компаниясымен қатар «Зерде-Фито» компаниясы төтенше жағдай кезінде өнім көлемін арттыру үшін үзіліссіз жұмыс істеп жатыр.
Аталған компания өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда дәріханаларда парацетамолдың 50-ге тарта аналогы бар.
«Көршілес Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан сұраныс көптеп түсуде. Ең бірінші Шымкент қаласын толығымен қамтып болған соң ғана өзге қалаларға жіберіледі», дейді сала мамандары.
Ал «SANTO» дәрі-дәрмек зауытында инъекциялық ерітінділер мен инфузиялар, қатты пероральды дәрілік заттар (таблеткалар, саше, түйіршіктер), антибиотик ұнтақтары, стерильді емес ерітінділер шығарылады. Тапсырыс көлемінің артуына байланысты шығарылатын өнім де көбейген.
«830 қызметкер тәулік бойы төрт ауысымда жұмыс істеуде. Өнімнің 70 пайызы – көтерме, 30 пайызы бөлшек бағада сатылуда», деді компанияның өндіріс жөніндегі директоры Светлана Майорская.
Қалада «Ақниет», «Зерде» компаниялары жүз шақты дәріханаға екі мезгіл дәрі жеткізіп, дистрибьютерлер қоймаларды күніне 2-3 көлік дәрі-дәрмекпен толтырып жатыр.
Миллионды қалада бірнеше фарм компаниялардың өнімі қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмайтыны рас. Бір қызығы, қаладағы дәрі-дәрмек тапшылығын қолдан жасап отырған жағдай да жоқ емес. Олай дейтініміз, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін алыпсатарлар қолдан ұйымдастырып отыр. Бұл жөнінде өткен аптада вице-премьер Ералы Тоғжанов айтқан болатын. Президент тапсырма бергеннен кейін Шымкентте дәрі-дәрмекті қымбат бағаға сатып жүргендер ұсталды.
Өкпені жасанды желдету аппараты шығарылады
Бүгінде Шымкентте науқастарға аса қажетті құралдың бірі – өкпені жасанды желдету аппараты. Індет жұқтырғандар санының артуына орай шетелден келетін бұл құрал барлық емделушілерге жетпей отыр. Осынау қысылтаяң шақта отандық медициналық құрал-жабдықтар өндіретін «Kazmedpribor Holding» ЖШС аталған аппаратты өздерінде өндіретін болды.
Бұл ақжолтай жаңалықты Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Сондай-ақ қала басшысы «Kazmedpribor Holding» ЖШС директоры Рахат Байзақовпен пандемиямен күрес мәселелерін талқылады.
Рахат Тұрғанбекұлы қала тұрғындарына 150 дана төсектік орын, инфузия құюға арналған 400 дана штатив және 40 дана медициналық бағана сыйлады.
Өзінің алғысын білдірген қала әкімі жақын арада әкімдік қолдауымен «Kazmedpribor Holding» ЖШС-і ӨЖЖ аппаратын шығаратынын жеткізді.
«Біз бұл жобамен үш ай бойы жұмыс істедік. Ендігі кезекте қажетті сертификатты алсақ, аппаратты шығара бастаймыз. Алдымен, қаланы толығымен қамтып, содан кейін еліміздің өзге қалаларына көмектесетін боламыз. Бүгінгі басты жағымды жаңалық осы», деді М. Әйтенов.
Қазіргі таңда қаладағы медициналық мекемелерде 323 ӨЖЖ аппараты, оның ішінде 130 портативті аппарат бар. Сондай-ақ 250 «Бобров» тыныс алу аппараты, 10 монитормен қамтамасыз етілген.