• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 10 Шілде, 2020

Антибиотик кері әсер етуі мүмкін

847 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «Амбулаториялық жағдайда коронавирустық инфекциясы бар науқастарға медициналық көмек көрсету» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Шараға медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева, Нұр-Сұлтан қаласындағы №5 емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина қатысты.

Жиын барысында Раушан Қара­ба­ева симптомсыз коронавирусты үйде емдеуде қандай қателіктерге жол бермеу керек екенін айтып берді.

«Коронавирус инфекциясының симп­­­­томы аз немесе симптомсыз нау­қас­­тар үйде емделуі керек. Әрине олар өздігінен ем қабылдап жа­т­ыр және дәрігерлер мұндай нау­қас­­тардың ем-домын реттеп отыруы керек. Коронавирустың симпто­мы аз түрі патогенетикалық емдеуді, дәлірек айтқанда вирусқа қарсы, антибактериялық, тромбқа қарсы препараттар тағайындауды қажет етпейді. Мұндай пациенттер емдеу-сақтану режімінде ақуызы көп тамақ жеп, сұйықтықты көп ішуі керек. Оларға С, Д дәрумендері және дене қызуы көтерілген жағдайда пара­цета­мол, ибупрофен сынды қызу түсіретін дәрілер тағайындалады», деді дәрігер.

Оның айтуынша, С дәруменінің үлкен дозасы тағайындалған жағдайда, бүйрек ауруларының, несеп-тас ауруы­ның күшеюі мүмкін екенін есте сақтаған жөн. Егер дене қызуы 38 градустан асқанда, бұлшық ет ауырып, әлсіздік байқалса, бас ауырып, жөтел пайда болса, кеуде тұсы ауырса, дәрігер­ге жүгініп, өкпе қабынуының алдын алу керек. Ол үшін көкірек қуысына рент­генологиялық зерттеу немесе ком­пью­терлік томография жүргізіледі.

«Коронавирус инфекциясындағы этиотропты (негізгі) ем – вирусқа қарсы препараттар тағайындау. Қазіргі уақытта КВИ емдеу үшін Лопинавир/Ритонавир, Гидроксихлорохин, Фавипиравир және Ремдесевир сынды дәрілік заттар жазылады. Бұл ретте аталған дәрілердің белгілі бір қауіп төндіретінін, жүрек пен бауырға уытты әсер ететінін атап өткен жөн. Осыған байланысты симптомы аз және симп­­томсыз науқастарға бұл дәрілерді өздігінен қабылдаудың қажеті жоқ», деді Р.Қарабаева.

Сонымен қатар ол антибиотик нау­қастың иммунитетін одан әрі төмен­дететінін тілге тиек етті.

«Қазіргі уақытта КВИ жұқтыр­ған­дардың еш қадағалаусыз антибиотик қабылдап жатқанын байқадық. Анти­биот­иктер ағзаның иммундық жа­уабын қалыптастыруға қажетті ішек микрофлорасын бұзады. Сәй­ке­сін­ш­е, пациенттің иммунитеті одан әрі төмендей түседі. Адам бойында анти­био­тикті сезбейтін микроағзалар штамы пайда болады және келешектегі бактериялық инфекцияларды емдеу ісіне ықпал етеді», деді Р. Қарабаева.

Бұған қоса ол ауыр инфекцияларда ғана қолданылатын резервті анти­биотиктердің де пайдаланылып жат­қа­ны­на алаңдаушылық білдірді.

«Оған жол беруге болмайды, себебі пациенттің жағдайын одан әрі ауырлатуы мүмкін. Бактериялық компонент болған кезде коронавирус­­­ты антибиотиктермен тек дәрігердің нұсқауымен ғана емдеу қажет», деді Р.Қарабаева.