• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2020

Ақсайлық аурухана үш көлікті болды

322 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі аудандық ауруханасының автобазасы қос "Жедел жәрдем" және "LADA Vesta" жеңіл көлігімен толықты, - деп хабарлайды Egemen.kz

Қарашығанақ мұнай-газ кешенін игеруші ҚПО бв компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы аясында жасаған қайырымдылық көмегі коронавирус індеті өршіп тұрған қазіргі кезеңде өте пайдалы болды. "LADA Largus" автокөлігі базасында жабдықталған қос жедел жәрдем көлігі кереуетпен, қажетті құрал-жабдықтарды қоятын қондырғылармен жабдықталған.

- Біздің бұған дейін пайдаланып жүрген көліктеріміз "УАЗ" зауыты өнімдерінің базасында еді. Аудандық ауруханаға қарайтын 6 ауылдағы жедел жәрдем көлігі де әбден тозған, жүруінен тұруы көп болатын. Мына жаңа көліктер біздің қызметіміздің тез әрі сапалы болуына көмектеседі. Аудан орталығындағы УАЗ автокөліктерін ауылдардағы ФАП пен медициналық пункттерге бергелі отырмыз. Қазіргі таңда облыстық жедел жәрдем мекемесіне қарасты екі бригада, аудандық ауруханаға қарасты жедел медициналық 1 бригада тәулік бойы жедел көмек жасап отыр. Бірақ бұл халыққа жеткіліксіз. Коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты халық арасында ауру көбейді. Біз болашақта ауданға келетін медициналық мамандардан тағы да жедел медициналық көмек беретін бригада жасақтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Бөрлі аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы  Шыңғыс Сәрсенғалиев.

Жалпы, ҚПО бв компаниясы Бөрлі аудандық ауруханасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға үнемі көңіл бөліп тұрады. Айталық, жуырда олар аудандық ауруханаға медициналық жабдықтарды, өкпені жасанды желдету функциясы бар наркоз аппараттарын, компрессорларымен бірге анестезиологиялық құралдарды сыйға берген еді. Бұл игі бастама өзге компаниялар тарапынан да қолдау тапқан. Мәселен, Қазбұргаз АҚ бұған дейін 1 жедел жәрдем көлігін сыйлаған болатын. Ал кеше "Ақсай индустриалды паркі" серіктестігі аудандық аурухана меншігіне LADA Vesta базасындағы жеңіл автокөлікті табыс етті.

 

Батыс Қазақстан