Өткен аптада ғана қала жолдарында мамандандырылған батальон мен патрульдік полиция полкінің экипаждары 1500-ге жуық жол ережесін бұзушылықты анықтады. Бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
– Атап айтқанда, жалған мемлекеттік нөмірі бар көлікті жүргізген жүргізушілер ұсталды. Құқық бұзушылықтың бұл түрі үшін 85 әкімшілік хаттама жасалды (ҚР ӘҚбК-нің 590-бабының 3, 4-бөлігі бойынша), көліктер арнайы айыппұл тұрағына орнатылды.
Сонымен қатар қарама-қарсы бағыттағы жолаққа шығу бойынша 37 фактісі (ҚР ӘҚбК-нің 596-бабы 3-бөлігі), ішімдікке немесе есірткіге мас болып басқару бойынша 164 факт (ҚР ӘҚбК-нің 608-бабы), мемлекеттік тіркеуіш нөмірлік белгісізсін көлікті басқарудың 387 фактісі (ҚР ӘҚбК-нің 590-бабы 2-бөлігі), рұқсатсыз қайта жөнделген көлік құралын басқарудың 60 фактісі (ҚР ӘҚбК-нің 590-бабы 7-бөлігі), техникалық регламенттер мен стандарттардың талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралын жүргізудің 112 фактісі (ҚР ӘҚбК-нің 590-бабы 5-бөлігі) және басқа да құқық бұзушылықтар анықталды, – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.
Бұдан бөлек, спикер жол рейдтері одан әрі ескертілгенге дейін жалғасатындығын атап өтті. Ол барлық жолды пайдаланушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жол қателіктерді кешірмейтінін еске салды.