Тұрғындар коронавирус пен өкпе қабынуының ілмегіне ілініп жатқанда, дәрі-дәрмек пен медициналық бетпердені тығып сатып, заңсыз табысқа кенелуді көздеген пысықайлар ұсталып жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті.
Атырау қаласының 26 жастағы тұрғынының пәтерін тексеру кезінде ингавирин (5000 теңге), дексаметазон виал (4000 теңге), азитромицин (2000 теңге), дексаметазон (2000 теңге), лидокаин буфус (1000 теңге), метронидозол (1000 теңге) дәрі-дәрмектері табылды. Ол бұл дәрілердің барлығын қымбат бағамен сатыпты.
Ал, Авангард ықшамауданында тұратын тағы бір тұрғынның пәтерінде медициналық бетпердені бірнеше есе қымбат бағаға сатқаны анықталды. Полиция қызметкерлері оның пәтерінен 43 мың медициналық маска тапты.
"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен құқық қорғау органдарына пандемия кезінде дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына жол бермеуді тапсырды. Полиция қызметкерлерімен анықталған деректер бойынша тексерулер жүргізіледі", - деді Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.