• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Шілде, 2020

Эпидемиялық ахуалда оң құбылыс байқалады

539 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірлік коммуникация қызметінде тікелей эфир арқылы жүргізілген брифингте облыста эпидемиялық ахуалға терең әрі жан-жақты талдаулар жасады. Өңір басшысы соңғы уақытта тұрғындар арасында КВИ-дан гөрі өкпе қабынуының жиі таралуы алаңдатып отырғанын айтып берді. Осыған орай ол аз уақыттың ішінде шешімін тауып үлгерген шараларға тоқталып өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz.

- Қазір науқастарды қабылдау үшін 3300 орын бар. Тек соңғы аптаның ішінде 924 орындық провизорлық госпиталь жасақталды. Тұтастай алғанда өңірдегі провизорлық орындар жетпіс пайызға ғана толық. Артық қорда 715 керует тұр. Сонымен бірге емханалар жанынан 725 орындық күндізгі стационарлар жұмыс жасайды. Оның бәрі қажетті медициналық қондырғылармен толықтай қамтылған. Әрине басты мәселе санда емес, сапалық көрсеткіштер мен түпкі нәтижеде ғой. Бұл ретте өткен маусым айында мыңға жуық адам дертінен құлан таза емделіп шыққаны көңілге әжептәуір медеу, - деді бұдан әрі Оңдасын Сейілұлы.

Келесі кезекте дәрі-дәрмектермен қамту мәселесіне көшкен брифинг өткізуші дәріхана желісінің айналымын толықтыру үшін шетелдерден оның он алты түрі қосымша сатып алынғанын алға тартты. Брифинг кезінде дәріханалар қажетті препораттармен күн сайын толығып отырғаны әйтсе де сұраныстың тым көптігінен оның тез азайып кететіні, соның салдарынан қажетті препораттар дер кезінде табылмай қалатыны да ашық айтылды. Мұндай жағдайда түбегейлі шешім қабылдау қажеттігі анық. Облыс әкімі бұл мәселенің шешімін де соқырға таяқ ұстатқандай шегелеп көрсетті. Атап айтқанда бұл инвесторлармен өзара келісімге сәйкес бөлінген 500 миллион теңге қаражат болып отыр. Осы арқылы өкпе қабынуына қажетті дәрі-дәрмек қоры одан әрі толықтырылмақ.

Қазіргі жағдайда аталған жана вирустық дертке қарсы дәрі шығару мүмкін еместей іс. Әйтсе де Ақтөбе қаласындағы "ТК Фарм" фармацевтикалық компаниясы гепарин деген вирусқа қарсы препорат шығару ісін қолға алғаны отандық дәрі өнеркәсібінің баға жетпес жаңашыл қадамы болары анық. Аталған препорат таяу күндерде аурухуналарға түседі деп белгіленген. Сонымен бірге науқастарды тыныс алу аппаратымен қамту жөнінде де атқарылған іс аз емес.

О.С.Оразалин облыста індетпен күресте тек инфекционист дәрігерлер ғана емес, сонымен бірге барлық жоғары білімді денсаулық сақшылары және медицина университетінің түлектері тұтастай жұмылдырылғанын жеткізді. Бұған қосымша үш мыңға жуық орта буын медицина мамандары тартылған. Осы арқылы аурухуналар мен емханалардағы мамандар тапшылығын жоюға қол жеткізе алдық деді ол. Індетпен бетпе бет келу кезінде вирус жұқтырған бір медбике, түрлі салада қызмет жасайтын төрт медициналық қызметкер қайтыс болғанын брифинг иесі үлкен өкінішпен толқу сәті үстінде жеткізді.

Облыс әкімі жоғарыда өзі айтып өткендей шұғыл атқарылған кешенді іс-қимылдың нәтижесінде соңғы аптада науқастар саны бәсеңдегенін оң құбылыс ретінде атап өтті. Айталық өткен маусым айының соңғы апталарында аурухуналарға күн сайын 120-130 адам түскен болса бүгінде олардың саны 70-80 адамға дейін азайды. Жоғарыда айтып өткенімдей емдеу орындарынан дерттен айығып жазылып үйлеріне оралған ақтөбеліктердің саны өсе түсті. Мәселен тек соңғы тәуіліктің ішінде 81 адам өкпе қабынуы дертімен аурухунаға түссе, осы диагноз бойынша 161 адам жазылып шыққаны эпидемиялық ахуал ауқымындағы оң құбылыс ретінде бағалауға болады деді облыс әкімі.

БАҚ өкілдері тарапынан берілген аурухунада орын болмағандықтан науқасты қабылдамапты. Қабылданғандардың өзі дәліздерде жатады екен. Шақырылған қоңырауға жедел жәрдем көлігі келмепті деген уәждер де естіліп қалады. Бұған не дейсіз деген сауалға ол. Ресми анықтама мен дерек көздері бойынша мұндай жағдайлар орын алған жоқ. Аурухуналарда орын бар. Тұрғындар арасында осындай алып қашпа сөздер айтылып қалып жүргенін естіген соң оның анық-қанығына көз жеткізу үшін провизорлық госпитальдарға арнайы барып нақты істің мән-жәйімен танысып жағдайды өз көзіммен көріп науқтастармен және дәрігерлермен кездестім деген жауап қайтарды.        

Брифингті қорытындылай келе Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин соңғы кезде өңірдегі эпидемиялық ахуалды сауықтыруда оң құбылыс байқалғанымен бұл жәйт босаңсуға еш негіз бола алмайтыны жөнінде түйін жасады.

 

 АҚТӨБЕ