Жуырда Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлерімен кездесіп, емдеу мекемесінің мәселесімен танысқан еді. Шаһар басшысы осы кездесуден кейін шұғыл түрде науқастарға қажетті оттегі концентраторын алып беруге кәсіпкерлерді жұмылдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәселе бір күннің ішінде шешіліп, «Олжас» ЖШС директоры Талғат Жұматов ауруханаға 1 млн 700 мың теңге тұратын оттегі концентраторын тарту етті. Сонымен қатар, 1 млн 100 мың теңге болатын жанар-жағармай таллонын табыстады.
Ал "Яссауи" ЖШС директоры Кахар Дадашов індетпен күресте аянбай атсалысып, алғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандарға 1 млн теңге қаржылай қолдау білдірді. Күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген 10 дәрігерге 100 мың теңгеден үлестірілді.
- Індеттің ірге жаюына жол бермеу барлығымыздың міндетіміз. Осы орайда әркім қолынан келгенін жасап, кеселмен күреске үлес қосуы керек деп ойлаймыз. Біздің бұл ісімізді басқа да кәсіпкерлер қолдаса екен дейміз, - деді "Олжас" ЖШС директоры Талғат Жұматов.
Өз кезегінде жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова ұжымы атынан күрделі кезеңде қол ұшын созып жатқан жандарға және жан-жақты қолдау жасауға ықпал етіп отырған аймақ басшысы мен қала әкіміне ризашылығын жеткізді.