Қатал тағдыр пешенесіне жазған сынақты кәтепті қара нардай көтеріп, он екі мүшесі сау адамдармен бірге қоғамға пайдасын тигізіп, еңбек еткісі келетін қажырға қайран қаласыз. Өзгесін былай қойғанда, олардың да кәдімгі қарапайым адам тәрізді күнелткісі келеді емес пе? Мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып жатқанымен, әттең, соған қолайлы жағдай туғыза алмай отырғанымыз өкінішті.
Облыста мүмкіндігі шектеулі 29219 адам бар. Қилы-қилы тағдыр. Тасбауыр тағдырдың бесбатпан соққысы. Бәрінің себеп-салдарын жіпке тізгендей етіп жіліктеп шығудың өзі мүмкін емес. Біз қаузағалы отырған тақырып аясына біртабан жақын деректі айтатұғын болсақ, 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адамның 33 пайызы арбаға таңылғандар. Айтарға оңай, әйтпесе қарға адым жер мұң болған, қаншама қиындықпен күн сайын бетпе-бет келіп, жүйкесі жүндей түтіліп жүр. Өзгелер кірген есікке кіре алмаса, өзгелер шыққан биікке табан іліктіре алмаса, олардың жаны жүдемегенде, күйзелмегенде қайтпек.
– Өткен жылдың ақпан айында облыс әкімі Е.Маржықпаев мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта жасау туралы жол картасын бекіткен болатын. Осыған орай, 1672 әлеуметтік нысанды қосымша жабдықтау арқылы мүмкіндік туғызу тапсырылды. Биыл оның 384-і жасақталмақ, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Анатолий Киселев.
Тапсырылған шаруа ішінара іске асырылғанымен, оңынан оңғарылмай тұрған тұсы әлі де жетерлік. Мысалы, 2016-2020 жылдары 190 рет тексеріс жүргізілген. Орын алып отырған олқылықтарды жою бағытында 170 ұйғарым жасалыпты. Құлақ аспағандарға шара да қолданылған. Мысалы, 30 лауазымдық тұлға мен кәсіпкерлік субъектісіне 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Кей ретте қоғам қасіретіне құлақ аса қоймайды деп жекеменшік иелерін кінәлап жататынымыз да рас. Ал олқылықтың орны мемлекеттік органдарда орын алып отырғанын өкінішпен айтуға тура келеді. Талап та күшті. Бірақ талпыныс аз, жанашырлық кем. Әйтпесе мүгедек жандардың қозғалысына қолайлы жағдай жасамаған лауазымды тұлғаларға – 50, коммерциялық емес ұйымдарға – 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілерге 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Бұл орайда ең бастысы, жүрек қалауы болса керек. Қол ұшымды беремін, көмегімді тигіземін дейтін ақ адал ниетке, жан дүниедегі мейірім шуағына, кәдімгі кісілік шарапатқа ештеңе жетпейді. Мәселен, Көкшетау қаласының тұрғыны, дәрігер Гаухар Камелинова бүгінде оңалту орталығын ашып отыр. Орталық мүгедек болып қалған адамдардың алдынан үміт сәулесін жағуға ұмтылуда. Келер күндердің көкжиегіндегі шапағаты мол шуақты шаққа жеткенше бүгінгі бейнеттен арылтуға да қолғабысын тигізбек. Гаухар Темірғалиқызы алдымен бүлдіршіндерді қамқорлығына алды. Мұндай қадамға бару себебі, өзінің бауыр еті баласының тағдыр тәлкегіне ұшырауы. Дәл осындай жақсылық жасау үшін жүрек қалауымен таңдаған жұмысын да тастаған. Ендігісі тал бойындағы қайтпас қайсарлық пен ана жүрегіндегі мейірімді қоса өріп, өз перзенті тәрізді қалт-құлт басқан қаршадай балаларды қатарға қосу.
«Қолжетімді Қазақстан» жобасының өңірлік үйлестірушісі Гаухар Камелинова қала ішіндегі мүгедек жандар үшін қолайсыз пандустар мен жайсыз жолдар туралы бар мәлімет «Қолжетімді Қазақстан» мобильді қосымшасына енгізілсе, дейді.
– Бұл арада бар мәселе мүгедек жандарға ғана қатысты емес, сәбилі аналар мен талдан таяқ таянған егде адамдарға да ортақ. Олардың барлығы қоғамдық орындарда қозғалыс мүмкіндігінен шектеледі, – дейді Гаухар Темірғалиқызы, – біз мұндай тасбауырлыққа жол бермеуіміз керек.
Ал ондай дерек аз емес. Мәселен, Есіл ауданындағы Ақсай ауылында бірінші топтағы мүгедек М.Михайленко деген азамат тұрады. Ол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Жұмысына барып-келудің өзі сипаттап айтуға тіл жетпейтін мұң. Мектеп ғимаратында пандус жоқ. Қоларбаға таңылған мұғалім аузы-мұрны жоқ отаудай білім ошағына қалай кіріп-шықпақ. Осы жайды мектеп басшылығы да, басқа адамдар да күнде көріп жүр емес пе? Ақыры облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының араласуымен оң шешімін тапқан. Жанында жүрген адамға жанашырлық жасай алмайтын білім ошағында жас толқынды адамгершілікке тәрбиелеу деңгейіне шүбә келтіретін тұс та осы.
Біржан сал ауданындағы Үлгі ауылында тұратын жалғызбасты зейнеткер арнайы әлеуметтік көмек көрсетілмейді деп шағым жасаған. Басқарма тарапынан тексеріс жүргізілген кезде олқылықтың орын алып отырғаны анықталды. Тексерістен соң жалғыздықтан жаны күйзелген зейнеткер есепке қойылып, әлеуметтік қызметкер бекітілген. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.
«Шанс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский көлік прокуратурасымен бірлесіп мониторинг жүргізген кезде темір жол, автобекеттерде мүгедектерге қолайлы жағдай тудырылмағаны анықталды. Мұндай тексеріс Бурабай, Макинка, Ақкөл, Көкшетау, Щучье автобекеттерінде де жүргізілген. Кемшілік орын алғаны анықталған үш нысанның басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 553 150 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Биыл «Қолжетімді Қазақстан» өңірлік кеңсесіне облыс орталығында орын алып отырған қолайсыздықтар туралы жұртшылық тарапынан 13 өтініш түскен екен. Олардың дені әлеуметтік маңызы бар нысандар. Кәдімгі қарға адым жер мұң болған ғаріптердің шаруа жайымен, өтініші мен өкінішін айтып баратын жері. Мәселен, бірнеше банк пен «РИО» сауда үйі, қалалық салық басқармасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесі. Бәлкім, аяқ-қолы сау адам қаперіне іле бермес, ал, бұл тақсырет басына түскен адамдардың жанын күйзелтіп жүрген, қаны шығып тұрған мәселе. Сондықтан жан-жағымызға жанашырлықпен көз салып, қарға адым жер мұң болған мүгедектердің мәселесіне де ой көзімен қарай жүрейікші.
Ақмола облысы