• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Шілде, 2020

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол»

701 рет
көрсетілді

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол, қаза көрген жүрегі жаралы ол» деп хакім Абай айтқандай, соңғы кезде елімізде індеттің індей түскені сондай, таңмен таласа тұрған сайын жүрегіміз зырқ етер қайғылы хабар еститін болдық. Covid-19 инфекциясына қоса қос өкпені қатар қысатын қырсық тұмау қармағына қаншама жанды іліндіріп жатыр. Осы бір күрделі ахуалды ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның шешімімен елімізде тағы да екі апталық карантин шаралары енгізілді.

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеу жариялап, еліміздегі жағдайдың оңай болып тұрмағанын, әр азаматтың қазасы жүрегіне қатты бататынын, алапат індеттің арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатқанына қайғыратынын айтып, қара жамылған отбасыларына көңіл айтты. Соған орай 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Президент бұл ін­детті адамзат жуық арада жеңе қой­майтынын, алайда уайым мен қайғыға батып, еңсені түсіруге болмайтынын да атап өтті.

Иә, «от ішінде мақтаны сақтайды» деген сөз бар қазақта. Ұлтымыздың басына түскен нәубет көп. Бабаларымыз бүгінгі заманға дейін қаншама қиын­дықты еңсерді. Талай от кешулерден, тайғақ жолдардан өтті. Ғасырларға жалғасқан алашапқын жаугершілік, азаматтық соғыс, ашаршылық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс және басқа да ақтаңдақтар жетерлік. Соның бәрінде құрбандықсыз болған жоқ.

Әсілі, жазмыштан озмыш жоқ десек те халықтың жартысынан аста­мына дейін қырылған қасіретті жыл­дардың қайғылы жасы тарих парақ­тарына талай тамды. Егер осы жастан әр адамның өмірін жеке көрер болсақ, шын мәнінде аза бойың қаза болады.

Қамыққан жұбанып, тарыққан қуанып, арманға дәрмен демеу болып ХХІ ғасырға жеткен ұлт жаһанды жайлаған жойқын індетті де жеңуі тиіс. Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады. Өмір үйі желде, үміт үйі сағымда. Ыға бермей, лайықты қарекетке көшу қажет. Қоғамдағы ортақ ой осыған саяды. Қазір мемлекет бастап, кәсіпкерлер қоштап, қолында қаржысы барлар үстеп, адам өміріне араша түсетін қат та қымбат медициналық аппараттарды сатып алуға бір кісідей жұмылып жатыр. Елдік, кісілік деген – осы.

«Кемедегінің жаны бір» деген, күллі еліміз ғана емес, жер-жаһан бұл індетке тосқауыл қоя алмай дағдарып отыр. Әрине, бірен-саран елдер коронавирусты жеңіп шыққанын жария­лап, емханадан емделіп шыққан ең соңғы пациентіне ілтипат көрсетіп жа­тыр. Бірақ ауызы-басыңызды қанша тұмшаласаңыз да бір мәрте тыныстау керек қой, алыс-беріссіз өмір сүре алмайтын интеграциялық кеңістікте шекаралық кеденнен қандай кедергі қойсаңыз да, көзге көрінбейтін індет өтіп кеткенде кімге кінә артарыңызды да білмейсіз. «Жазым болса, быламыққа да тіс сынады» деген осы шығар, бәлкім. Десе де қол қусырып отырудың қажеті шамалы. Осы бір оймен бойды бекітсек, барлық ауыртпалықты жеңіп шығарымыз анық.

Әлбетте, Президент айтқан­дай, отандық медицина бұл сы­нақ­қа тө­теп бере алмады. Ден­саулық сақ­тау министрлігінің жауапты орын­дар­дағы тұлғаларына сын айтыл­ды, қызметтерінен шет­тетілді. Бұл қа­лыптасқан ден­­саулық сақтау жүйе­сінің кем­шіліктерін тайға таңба бас­қандай көрсетіп берді. Иә, кемшілік түзе­лер, кінәлілер жазаланар... Қазіргі міндет – әр уақытты тиімді пайдаланып, барынша қол ұшын созуға жұмылу. Өйткені уақыт – адам өмі­рінің өлшемі.

Ал бүгін – Ұлттық аза тұту күні. Еліміздің дамуына үлес қосқан, тосыннан келген індет жаз өмірін қиып түспегенде әлі де жұрт кәдесіне жарайтын жақсыларымызды, қапыда өмірден өтіп кете барған азаматтарымызды аза тұтатын, жоқ­тайтын күн. Жалпы, «әр қазақ – менің жалғызым» деген ұлы сөзді айтқан біз қазір жоқтай аламыз ба? Лайықты, байыпты жоқтау бар ма? Әлбетте, қа­зақ халқының ғұрыптық танымында жоқтаудың өзі айрықша бағаланатын алабөтен кепиетті дүние еді ғой. Айталық, өмірден өтер алдында тірі адам әуелі арыз­дасады, бақұлдасады. «Қия­метте жүздесейік, маһшарда кез­десейік» деп көзіне жас алады. Жан тәсілім етер алдында кейінгі ұр­пағына өсиет қалдырады, әлдебір жақынына өтініш, кеңес немесе тапсырмасын айтады. Иманын үйіріп, тілін кәлимаға келтіреді. Міне, қазіргі індет осының бәріне үлгертпей жатыр. Бұл жағдайды испан суретшісі Хуан Лусеннің «Қоштаса алмай кеткендер» тақырыбындағы полотносы дәл бейнелеген.

Қазір естірту, көңіл айту, жоқ­тау түгелімен әлеуметтік же­­ліге көш­кен­дей. Өкінішке қа­рай, бүгінгі жоқ­тауы­мыз алыстан «ой, бауырымдап», бір-бірімізді қапсыра құшақтап, өксі­гімізді баса алмай, көп болып бөлісе жеңілдететін бейбіт күннің жоқтауы болмай тұр. Оған жақындап кеткенді жалмай­тын жаман ауру мұрша бермей тұрғаны да белгілі. Әйтпесе қазақта ақтай жоқтау, шашын жаю, қара тігу сықылды жоқ­таудың да адамның қо­ғам­дағы орнына, жасына қарай сан алуан түрі бар. Міне, осының бәрі жақынынан айырылған жанның көңі­ліне демеу еді ғой. Қазір осы ғұрып, сүйекке кіру, арулау, топырақ салу, бата оқырдың бәрі тіршілігімізден сырт қалып отыр. Жаназаға жиылып, қай­ғыға ортақтасып жатқан жұрт қа­расы артса «бұл қалай?» дейтін күн­ге кез болдық. Өйткені ең басты құн­­дылық – адам өмірі. Ал жері мен хал­қы­ның саны арасында айтарлықтай алшақтық бар біздің елге қазіргі ең басты мұрат – адам ресурсын сақтау болуы тиіс.

Жалпы, аза тұтуды әр халық әрқа­лай рәсімдермен өткізеді. Киім киісіне, тіпті шаш қиысына дейін мән берілетін халықтық ғұрыптар бар. Қайбір елдер аза­лы пошта маркасына дейін шығарады. Бүгінгі заманда кө­бі­несе Фредерик Шопеннің «Жер­леу маршы» ойналады. Ал елі­мізде көк байрақ төмен түсі­ріледі. Бір минут үнсіздік жария­ланады. Бұдан басқа қандай сабақ алатын дәстүрлер енгізілуі қажет?

Қазақ халқының домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты ұлт­тық аспаптарында орындалатын күйлерінің ішінде жоқтау ту­ралы күй жетерлік. Міне, осы бір байырғы жоқтауларды осын­дай қаралы күнде қазіргі кө­рерменге аңыз-әпсанасымен бір­ге жеткізудің жолдарын ойластыру қажет сияқты. Бұл күйлер қанымызда қалған ұлттық кодты тап басады. Өйткені күй қайғылы сарында болғанымен, оның өзегінде елдің тағдыры, адамның көрген теперіші бар. Яғни кез келген күйдің отансүйгіштік, оптимизмге толы рухы болады. Қиындықтарға мойымауға, күресуге шақырады. Осы бір асыл қазынаны еліміздің теле-радио арналары мүмкіндігінше халыққа жеткізуге күш салса, бұл да бір Ұлттық аза тұту кү­ні­нің қайғыға құлай бермей, қай­та қайрат қосуға үндегеніндей тәлімі болар еді.

Сондай-ақ бұл індетпен кү­рестегі майданның алғы шебінде болып, індет жұқтырып қаза болған дәрігерлерге, полиция қыз­меткерлеріне және басқа да салалық мамандардың жақын­дары­на марқұмның ұжымы мен мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсететін күн­ге айналғаны жөн.

Ізгілікте шек жоқ. Атанды да жы­ға­тын ауруға атойлап қар­сы шық­қан еріктілердің ең­бегін лайықты баға­лауды да ойластыру керек шығар. Әри­не қо­ғам болып ой қосып, азалы күн­нің мән-маңызын арттыратын тағы­лымды дүние аясын кеңейте түсуге болады.

Ең бастысы, Ұлттық қауіп­сіздік қыз­меткерлері күнімен тұспа-тұс келген Ұлттық аза тұту күнінде денсаулық саласының ең басты қауіпсіздік мәсе­лесіне айналғанына көзіміз жете түс­кендей.