• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.66
  • EUR:
    475.14
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Шілде, 2020

Оңайгүл Тұржан: Ендігі амал не болмақ?

566 рет
көрсетілді

Тап осындай азалы күнді бүкіл ел болып бастан кешеміз деп ойлап па едік! Тарихқа қарап отырсақ, талай індетті адамзат бастан өткерген екен. Сондай кезде ел ішін үрей билегені соншалық, жұрт ауру жұқтырған кішкентай сәбилерін, қарт ата-аналарын тастай қашыпты. Бірақ індет қашқандарды да қуып жетіпті.

​Мынау індет те әлемге дәл сондай үрей шашып тұр. Қазір жер шары бастан кешіп отырған жағдай біздің елді де жайлады. Осындай ауыр кезеңде жауапты деген кейбір шенеуніктердің жауапсыздығы індетті одан сайын асқындырды. Отаншылдық деген осындайда көрінеді ғой. 

​Қарапайым халықтың ішінен шыққан іскер адамдар өздері ұйымдастырып, қиналып жатқандарға қол ұшын беріп жатыр, дәрі-дәрмегін шет елдерден алдыртып жатыр. Сондай жандардың қызметі еселеп қайтсын деп тілейміз.

​ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев әр министрлікке қатаң тапсырмалар беріп, қатал талаптар қойды. Сол тапсырмалар өз дәрежесінде орындалса екен деп тілеп отырмыз енді.

​Өкініштісі – қазақтың талай арыстай азаматтары құрбан болды. Ендігі амал не болмақ? Әрине, еңсені түсіріп отыра беру емес. Үрейге бой алдырмай, сырқаттанып жатқан адамдарға жігер беріп, бала-шағаның көзінше өлім туралы әңгіме айта бермей, әркім өз ошағында барлық сақтық шараларын жасауы керек деп ойлаймын.

​Жауапты мекемелер мен шенеуніктер «бүгін дәрі келді, ертең таратамыз» деген сияқты жайбасарлық әңгіме айтпай, "қазір келді, қазір таратамыз" деп сөйлейтіндей жеделдікпен жұмыс істесе екен. Тәуліктің әр минуты талай адамды алып кетіп жатқанда "ертең" деген сөз болмау керек.

​Азалы отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақ "артының қайыры болсын" деп артының қайырын сұрайды. Әр отбасында аманшылық болсын! Сырқаттанып жатқандарға жеңілдігін берсін!

Оңайгүл Тұржан