• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2013

Павлодарда ата-аналар жаңа вакцинадан бас тартуда

231 рет
көрсетілді

Павлодар облысындағы ата-аналар балаларға арналған жаңа вакцинадан  бас тартуда. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Екібастұз қаласында 12 жастағы қос жеткіншек жатыр мойыны обырына қарсы егіліп, кейін 3 күндей естен танып, жатып қалған болатын. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады.

Бұл жағдайға байланысты дәрігерлер жас ағза дәріні ауыр қабылдады деген түсініктеме беріп, екпенің еш зияны жоқ екенін айтқан-ды. Дегенмен, нақты себептер анықталмайынша, обырға қарсы екпе жұмыстары еліміз бойынша уақытша тоқтатылып отыр.Шындығында, жатыр мойыны обырының алдын алмақ болған дәрігерлердің алғашқы әрекетінен кейін-ақ жұрттың жүрегі шайлығып қалған. Қазір бұдан секем алған ата-аналар енді екпеден үзілді-кесілді бас тартуда.

«Ешқандай құлақтандыру жүргізілген жоқ. Тек, екпе жасалуы тиіс дегенді естідік. Ал оның жай-жапсары, кімге, не үшін егілетіні және әсері туралы  айтылған жоқ»,-дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ирина Дидешина.

Қымбат препарат тегін таратылуда. Қазірдің өзінде Павлодар өңірінде  адам папилломасы вирусына қарсы екпенің үштен бірі қолданылып үлгеріпті. Әйтсе де, бұл ұсыныстан бас тартқандардың қарасы қалың. Оларға ешқандай мәжбүрлі екпе жасалмайды деп отыр мамандар. Ал келісімін бергендерге екпе жұмыстары алдағы уақытта қайта жалғаспақшы. Алайда,бастаманы қолдамайтындардың көптігінен, вакцинациялаудың қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. 

Мамандардың айтуынша, Павлодар өңірі қазір онкологиялық аурулар бойынша көш бастап тұр. Мұндағы жатыр мойыны обырына шалдыққандардың қатары азаюдың орнына, күн өткен сайын көбейіп барады. Сондықтан осы жолы қауіпті аурудың алдын алу мақсатында 4 мыңнан астам жеткіншекті вакцинациялау жоспарланған екен.

Бақытбек Кенешұлы.

Соңғы жаңалықтар