• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Шілде, 2020

«КАЗ-ДИА-ТЕСТ» коронавирусты анықтау тестін өндіреді

139 рет
көрсетілді

Клиникалық зертханалық диагностика саласындағы алғашқы отандық өндірушілердің бірі «КАЗ-ДИА-ТЕСТ» компаниясының тарихы өткен ғасырдың сексенінші жылдарымен тұспа-тұс келеді. «Қалқаман» шағын ауданындағы аурухана жертөлесіндегі екі бөлмеден бастау алған зертхана жиырма жылдан астам мерзімде отандық тестілеу өн­дірісінде бәсекеге қабілетті өнімдер шыға­ра­тын компанияға айналды.

«КАЗ-ДИА-ТЕСТ» ЖШС бас директоры Күлбаршын Жиембаева компанияның өндірістік әлеуетін жетілдіруді басшылыққа ала отырып, қолданыстағы желіні кеңейту мақсатында әртүрлі жедел тестер мен да­йын өнімдер шығаратын зауыт жұмысының жолға қойылғанын жеткізді. Алматы Индустриялық аймағында биыл іске қосылатын зауыттың қазіргі кезде инфрақұрылымы жасалған. Өндірістік өнеркәсіп аймағында іске асатын жобаның мақсаты – бесінші буын жедел технологияларын дамыта отырып, ISO 13485 халықаралық стандарттарына сәйкес медициналық-диагностикалық сынақ жүйелерін өндіру аясын кеңейту. Есепті кезеңде кіріс көлемін 40 пайызға жеткізіп, жоба іске асқан мерзімнен бастап 3-4 жыл ішінде алғашқы инвестицияны қайтару жос­парлануда.

Медицинада және клиникалық микробиологияда жұқпалы аурулардың диагностикасын анықтауда көшбасшы болуды мақсат ете отырып, компания әлемге төнген коронавирус инфекциясын анықтау тестілерін шығаруды жолға қоюда. Нақты айтқанда, өндіріс ПТР тест жиынтықтары, коронавирусқа жедел тестілермен қатар онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтаудың автоматтандырылған заманауи желісін іске қосуымен ерекшеленеді. К.Жиембаеваның ай­­туынша, компания өндірісі республика жұртшылығының ден­саулығын жақсартуда, оның ішінде жұқпалы ауру­лар мен вирустарға қарсы күреске, ағзадағы өзгерістерді білдіретін арнайы маркерлерді жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Ал зертханалардың сенімді нәтижелерге жылдам қол жеткізуі – науқастар мен емдеу мекемелері үшін аса маңызды. «КАЗ-ДИА-ТЕСТ» ЖШС өнімдерінің желісі алғашқы диагностикалық экспресс-тестілерді анықтау ИХЭД форматында жүзеге асады. Бұл иммунохроматографиялық жедел диагнозды (ICED) қолдану мүмкіндігін азайтады әрі технологиялық тұрғыдан алғанда жаңа өндірістік сала.

Компания әлеуметтік маңызды ауруларды жедел диагностикалауда кардиомаркерлер, ісік маркерлері, АҚТҚ, гепатит, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, нашақорлықты диагностикалаудағы жүйелік сериялық өндіріспен қатар, қан құрамындағы қант мөлшерін, есірткі мен ішімдікті, сондай-ақ жүктілікті, қан құрамын, Rh факторын, гормондарды, сонымен қатар ветеринария саласындағы инфекцияларды да анықтау мүмкіндігіне де ие.

Бүгінгі таңда ELISA негізінде ИФА жаңа буынын жедел тестілеудің үш түрін, оның ішінде: жедел дәрі-дәрмек сынағының 2 түрі, В, С гепатиті, туберкулездің жедел сынағын шығарады. Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларусь, т.б. елдермен жұмыс істейтін компания заманауи технологияларды өндіріске енгізуде зор тәжірибе жинақтай отырып, медицинасы дамыған Израиль, АҚШ, Жапония, т.б. елдердің өндіріс саласындағы компания­лармен әріптестік ынтымақтастығын жолға қойған.

«Қазіргі кезде өте жылдам таралатын COVID-19 вирусымен дер кезінде күресу және жедел анықтау, оқшаулау, жан-жақты бақылау сияқты кешенді денсаулық сақтау шаралары қолданылған жағдайда көрсеткішті төмендетіп, адам өлімінің алдын алуға болады. Дегенмен әлемдік ахуалға байланысты еліміз бұрын-соңды болмаған ауыртпалықты бастан кешіруде. COVID-19 вирусын жеңудің жалғыз жолы – ғаламдық ынтымақтастықпен бірлесіп әрекет ету», дейді К.Жиембаева. Ал ауру қайталанбас үшін адам денсаулығы тұрақты бақылауда болуы әрі вирустың таралуы мен жаңа инфекцияларды болдырмау үшін уақтылы сынақ жұмыстары жүріп отыруы тиіс. Осы бағытта компанияның инновация және даму жөніндегі арнайы бөлімдері, сондай-ақ жеке өндіріс алаңдары жоғары сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Күлбаршын Амантайқызы өз ісіне табандылығы арқылы шағын зертхананы заманауи компания деңгейіне жеткізе отырып, осы уақыт ішінде кедергілерге мойымай, отандық өндірісті жолға қою жолында көптеген қиындықпен бетпе-бет келгенін айтады.

«Алғашқы кезеңде өнімдеріміздің жоғары сапалы екеніне күмәнмен қараған мекемелер болды. Бірақ болашағы зор өндірістің мүмкіндіктерін отандық мамандар емес, Израильдің үздік өндірістері назар аударып, қолдау көрсете бастады. Тіптен, алған қарыздарды кешіктіріп өтеген кездерімізде де шетелдік әріптестеріміз түсіністікпен қарады», дейді компания басшысы. Дегенмен де отандық өнім Үкіметтің қолдауынсыз дамымайтыны анық. Осы тұрғыдан алғанда өндірісті қолдайтын көптеген мекеменің әрекетсіздігіне қынжылған Күлбаршын Амантайқызы елімізде өндірістің дамуына кедергі болатын жайттар көп екенін айтады. Десек те, қандай жағдайда да өндірісті тоқтатып алмаудың, заманауи кеңістікке шығаруға ықпал етіп, әкімшілік кедергілермен күресуге тура келді. Бүгінде әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттігін дәлелдеп үлгерген өндірістің дамуына жекелеген азаматтардың қосқан еңбегінің зор екенін атап өткен компания басшысы отандық өндірісшілердің қолдауымен медицина саласының барлық мүмкіндіктерін әлемге паш ете отырып, коронавируспен күреске жұмылдыруға негіз бар екенін жеткізді.