Қостанайдағы "Стофарм" серіктестігінің қоймасына 130 мың қаптама дәрі-дәрмек келіп түсті. Олардың ішінде соңғы кездері қат болып кеткен әлеуметтік маңызы бар антибиотиктер, вирусқа қарсы және қызу түсіретін дәрілер бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
- Дәрі-дәрмектер "Фармаком", "Забота" және тағы басқа да дәріхана желілеріне таратылады. Сондай-ақ, таяу күндері облыстың барлық аудандарындағы дәріханаларға жетеді. Әр ауданға жіберілетін дәрі-дәрмек көлемі сол өңірдегі тұрғындардың санына қарай анықталады, - деді "Стофарм" серіктестігінің коммерциялық директоры Сергей Аткин.
Сонымен қатар, облыс орталығындағы "Іңкәр" серіктестігіне де 20 тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Қазір серіктестік қоймасында аса зәру дәрінің 23 түрі бар. Мәселен, мұнда бір ғана парацетамолдың 35 мың қаптамасы тұр. Цефтриаксон, азитромицин, левофлоксацин, новокаин, антигриппин, анальгин, зитмак, кардиомагнил, ксарелто сияқты дәрілер кешеден бері дәріханаларға таратылып жатыр.
- Қостанай облысында 281 дәріхана бар. Бүгіннен бастап соның бәріне жедел түрде дәрі жеткізіліп жатыр. Ең бірінші кезекте облыс орталығынан шалғай орналасқан Жітіқара, Арқалық, Амангелді, Жангелді аудандарын әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмекпен қамту міндеті тұр. Жаңа келіп түскен дәрілердің бағасы жіті бақылауда болады, - деді тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Ержанова.Таяу күндері аймаққа дәрі-дәрмектің тағы бір легі келіп жетуі тиіс. Ертең Ресей мен Үндістаннан дәрі тиеген жүк ұшақтары Қостанай әуежайына қонады деп күтілуде.