Итбалық – Каспий теңізінің сәні, құндылығы және адам баласы үшін жамандығы жоқ момын жануар. Бұған дейін бірнеше рет жағалауға шығып, қырылуымен шошытқан итбалықтарды аяп, мүсіркеген адамдар енді оны өздері сабап, қорлық көрсетуін ешкім түсіне алар емес. Бұл жуырда суға шомылған балаларға шабуыл жасады деген ақпараттан соңғы «кек» қайтару ма, әлде жағалауда серуендеген кәрі-жасы аралас еріккен тұрғындардың ермегі ме?
Маңғыстауда итбалықтарға тас атып, теңките сабау біріне-бірі жалғас бір емес екі рет орын алды. Бірінде Ақтау қаласындағы теңіз жағалауында жас балалар тобы жағалауға жақындаған итбалыққа тас лақтырып, қорқыта кері қашырса, екіншісіндегі оспадарлық одан асып түсті.
Маңғыстаудағы бір ауылда ірі тастармен, кеспелтек ағаштармен қаруланған жастар мен ересектер бірге итбалықтарға қарсы «ереуілдеп», су жануарының есін шығарды. Оны сілейте сабап теңізге қайта тоғыта салды. Тілсіз, қорғансыз жануардың одан кейінгі тағдыры беймәлім – дөрекі топтың қолында өлді ме, әлде суға түскен соң алған жарақаты салдарынан жан тапсырды ма, жоқ әлде тірі ме – оны ешкім білмейді.
Бұл – куәгерлердің көмегімен таспаға тартылып, жаһанға жария болған жай. Ал тасада итбалық болсын, өзге де жан-жануар, қоршаған орта, табиғатқа жасалып жүрген қастандық, сорақылықтар қаншама?! Әдетте асыл дініміз, ұлттық тәлім-тәрбиеміз, қазақы мінез-құлқымызбен өзгелерге мейірімді, қонақжай, жанашыр көрінетін халқымызды бұл бір-екі оқиға күллі жұртқа «надан, дөрекі» ретінде танытты, ал бірақ сол сынға, сол баға мен тілдеуге шулай ренжіп, әлеуметтік желіні кере тартып, жайрата жарып жіберердей ренжір едік.
Жазда жайлауға, қыста қыстаққа көшіп-қонып жүретін малшы отбасында тәрбиелендік. Ғаламторы, мұздатқышы мен үй салқындатқышы, телевизоры, тіпті электр жарығы жоқ ауылда – жапандағы жалғыз үйдегі санаулы кітап пен газет-журналды да тауысып, әбден еріккен сәтте шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, тышқан аулап ойнайтынымыз бар еді. Осыны аңғарған әкеміз бізге тыйым салып, «тышқан тұрмақ, шыбынға зияндарың, құмырсқаға қиянаттарың тимесін!» деп қатаң ескерткені есте. Ал анам қашанда байсалды қалыпта олардың обал-сауабы туралы түсіндіріп, олар кейіпкері болған ертегілер мен аңыздарды тамсана айтып, бала қиялымызды қиссалармен мақал-мәтел, жұмбақтармен қанықтыратын. Құмырсқаның қанағатын, қарлығаштың құйрығының неге айыр екенін, күріштің шығу тегін, құрманың қасиетін, төрт түліктің мән-маңызын, барлық жыбырлаған құрт-құмырсқа, қоршаған ортаның үлкен бір тылсым күшке ие, өзара үйлесімді құбылыс екенін балаң сезім аңғара түсетін, осылайша оны сыйлау, қорғау қажеттігін өз-өзінен мойындайтынбыз.
Бүгінде балалармен қосылып табиғатты бүлдіріп, итбалыққа иттік жасап жүрген ересектерге қарап кешегі біздің әкелеріміздің темірдей тәртіп-талабы, аналарымыздың халық ауыз әдебиеті үлгілерінен құралған ертегілерді қару ете отырып тәрбиелейтін кемеңгерлігі қайда кеткен деп ойланасың, табиғатта, өмірде орын алып жатқан әрбір қиындықтардың артында осындай сан-сапат себептер жоқ па екен деген күмәнді ойға ойысасың...
Желілерді шулатып, Мемлекет басшысының пікіріне іліккен оқиға Маңғыстаудың «атын аспаннан бір-ақ шығарды» деуге болады. Құзырлы орындар да қарап қалған жоқ – Маңғыстау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы жануарды қорлаған адамдарды анықтап, жауапкершілікке тарту жөнінде облыстық полиция департаментіне хат жолдаса, еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет заңда аң-құсты қорлағандар үшін айыппұл немесе қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қарастырылғанын айтты, «Видеода көрініп тұрғандай, итбалық адамдарға шабуыл жасау ниетінсіз, қызық көріп жақындаған. Жас әрі ұшқалақ. Итбалықтардың табиғатынан айналаға қызығушылығы жоғары және олар қауіпті емес. Бірақ әрбір жыртқыш жануар өзіне шабуыл жасаса агрессия көрсете алады. Өкінішке қарай, отандастарымыз қауіп тудырмайтын аңға жабайылықпен жауап беріп, тас лақтырған. Өзге елдерде дельфиндер, итбалықтар, морждар, тіпті акулалар адамдарға жақын жерде жүреді және барлығы бұған үйреніп алған. Достар! Бірлікте өмір сүрейік және табиғатты аялайық. Адам болыңыз!» деп мәлімдеді ол.
Иә, итбалық – суда жүрген саны жоқ, сыйы жоқ жануар емес. Тек қана Каспий теңізінде кездесетін бұл жалғыз сүтқоректі тұқымның соңғы кездері әртүрлі жағдайларға байланысты саны азайып, тұқымы құрып бара жатқаны алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл туралы еліміздің Гидробиология және экология институтының мамандары бірнеше жылдан бері айтып келеді. Санының азаюымен алаңдатып, біресе ауырып, біресе қырылып қорқытатын итбалықтар жойылып бара жатқан түр ретінде 2008 жылдан бастап Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енген. Мәліметтер олардың саны өткен ғасырдың басында миллионға жуық болса, 2005-2012 жылдар аралығында жүргізілген антенналық зерттеулер нәтижесінде 90 пайызға азайған, яғни 100 мыңға жуығы қалған. Бұған біріншіден терісіне бола тұқымын тұздай құртуға айналған қаскөйлер кінәлі болса, мұнай және газ өндірісінің дамуына, кеме жолдары қарым-қатынасының, өзге де теңізге қатысты алып жобалардың әсерінен теңіз суының ластануы да себеп. Қорғансыз, сан жағынан онсыз да аз қалған итбалықтарға жекелеген адамдардың қылығы «жығылғанға – жұдырық» болып тұр.
Итбалықтардың соққыға жығылған тағдыры текке кеткен жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен енді мектептерде жаңа пән оқытылып, балаларды табиғатты қорғауға қайта баулымақ. Бір нәрсе бір нәрсеге себепші болады деген – осы.
Бірақ итті қылғындырып, мысықтарды дарға асып, қоңыздардың қатты қабығын сыпырып құм тиеп, көлік етіп сүйреп мәз болған ересектердің есі қалай кіріп, табиғатқа деген махаббаты қалай қалыптасар екен?
Маңғыстау облысы