Отандық экономикаға алғаш инвестиция салған шетел инвесторы – «Шеврон» компаниясы атыраулық оқушылар мен жастарға ерекше сый жасады. Компания демеушілігімен бой көтерген сәулетті сарайдың аумағы 18 833 шаршы метрді құрайды.
Аталған ғимараттың құрылысы 2018 жылы басталған еді. Ғимаратта төрт қабат бар. Мұнда оқушылар мен жастар шығармашылық қабілетін, спорттық шеберлігін шыңдайды. Сондай-ақ сарайда ғылым мен техника, өнер, мәдениет және спорт секілді салаларға қатысты жеті бағытта 63 үйірме жұмыс істемек.
– Оқушыларға ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз туралы мағлұмат алуға, планетарийден аспан әлемімен танысуға мүмкіндік жасалып отыр. Мұнда күніне екі ауысымда 1 500 бала өнермен, спортпен, шығармашылықпен шұғылдана алады. Оқушылар мен жастардың қабілетін түрлі бағытта шыңдау үшін 200-ден астам мұғалім жұмыспен қамтылады, – дейді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Феруза Шаңгереева.
Қала көркіне сән берген әсем сарайдың жұмысы 1 қыркүйекте басталады деп күтілуде.
АТЫРАУ