• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Шілде, 2020

«Мерейдің» ісі мерейлі

172 рет
көрсетілді

Коронавирус күшейіп тұрған бүгінде зор сұранысқа ие тауар­дың бірі медициналық бетперде болған еді. Індет ел ішіне енген алғашқы кездері бұл же­ке қор­ғаныс құралының бар­лық дәріханадан ұшты-күйлі жо­ғалып кеткені де рас. Сөйт­сек, құлқынның құлы болған алыпсатарлар біз бір жапырақ шүберек деп мән бермей келген тауардың бұл түрін түгін қалдырмай көтере сатып алып кеткен екен ғой. Сондағы ниет – бірнеше есе қымбатқа сатып, маска іздеп сабылған жұрттың үстінен пайдаға кенелу.

Міне, осындай тығырыққа тірел­ген сәтте Қарағандыдағы «Мерей» медициналық фирмасы» ЖШС бетперде және басқа да медициналық жеке қорғаныс құралдарын өндіруді жолға қоя білді. Аталған фирманың ди­­ректоры Қанат Наурызбаев сол кезде ме­дициналық маскалар шығаратын ма­шина сатып алғандарын мәлімдеген еді.

– Бұл аппарат бір минутта 100-120 дана бетперде шы­­ғаруға қауқарлы. Біз­дің мас­­калар үш қабатты. Біз облыс тұрғындарының инфекция­дан қор­ғаныс қажеттілігін то­лы­ғы­мен жа­ба аламыз, – деген болатын ол.

Расында да, көп ұзамай Қа­рағанды мен облыстың басқа өңірлеріндегі дәріханаларға отан­­­дық маскалардың көп мөл­шердегі партиясы жеткізіліп, қол­жетімді бағамен сатыла бас­тады. Сөйтіп, облыс бойынша маска жетіспеушілігін аз да болса бақылау­ға алуға мүмкіндік туған.

Жалпы, аталған фирма меди­ци­налық нысандағы бір реттік өнімдерді шығаруды 2011 жылдың маусым айынан бастап қолға алған екен. Өнімдердің қатарында бетке арналған үш қабатты маскалар, полиэтиленнен жасалған бахила мен халаттар болды.

– Бұл жұмыстарды баста­ғанымызда көптеген шешілмеген мәселелер алдымызда тұрды. Ол кезде шикізатты Қытайдан әкелетінбіз. Қазіргі таңда біз медициналық жеке қорғаныс құралдарын өндіруді қайта жандандыра бастадық. Ресей­дің Қазан және Новосібір қала­ларынан шикізат жет­кізу мә­селесі шешімін тапты. Біз­дегі цехтың өндірістік қуа­ты тәулі­гіне 20 мың маска шы­ғаруға жетеді, – дейді Қанат Нау­рыз­баев.

«Мерей» фирмасының өн­дірістік цехында полиэтиленді бахилдарды шығару үшін тө­менгі қысымды полиэтилен, «Спанбонд» материалдары жә­не эластикалық резеңке бау пайдаланылады. Үш қабатты қорғаныс бетперделерін да­йын­дау үшін «Спанбонд», «Мельблаун» «Спанлейс» материалдары, мұрын фик­саторы – полипропиленді өткіз­гіш, элас­тикалық, синтетикалық жіп­терден жасалған резеңкелер іске жаратылады.

Бұдан бөлек, медициналық мекемеде нефро-урологиялық орта­лық жұмыс істейді. Бұл жер­де гемо­диализді емделуді қажет ететін науқастарға қыз­мет көрсетіледі, олардың сапалы гемодиализ алуларына бар­лық жағдайлар жасалған. Германиялық «Fresenius Medical Care» зауытымен келісімшарт жасалып, гемодиализге қажетті қазіргі заманғы аппараттар алынған. Бұдан басқа, зауыт жұ­мысқа және сервистік қызмет көрсетуге қажетті барлық шығын материалдарын жеткізіп береді. Фирма диализді қажет ете­тін науқастарды тамақтандыру шы­­ғындарын түгелдей өз мойнына алған. Сонымен қатар гемодиализді емдеуді қажет ететін науқастардың тасымалын да қамтамасыз етеді.

Облыс тұрғындарына меди­ци­налық, білікті, консульта­тив­тік-диаг­ностикалық көмек беруді мақ­сат ететін «Мерей» фирмасының негізі 2008 жылы қаланған. Бүгінде ме­кеме ме­дициналық қызметтердің сапасын жетілдіру бойынша үне­­мі ізде­ніс үстінде жүріп, ауқым­­ды жұ­мыс атқарады. Осы мақ­­сатта еуро­палық жетекші кә­сіп­орындармен тікелей байла­ныс орнатқан. Қазақ­станда ал­ғашқылардың бірі болып ме­дициналық бір реттік жиын­тық­тарды – медициналық маска, бахил, киім шығаруды өндірістік жолға қойған. Расын айт­қанда, еліміздің қазіргі нарығында мұндай отандық өнімдер аса көп емес.

Тұрғындарды бүгінгі аса қажетті тауарлармен және ме­ди­циналық мінсіз қызметпен қам­тамасыз етуді қолға алған кәсіпорын келешекке сеніммен қарайды.

 

Қарағанды облысы