Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су басқан Фирдоуси ауылын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елді мекенде 302 үй 17 миллион теңге өтемақыны алу үшін келісімшартқа тұрған.
Олардың барлығына бірінші транш бойынша 17 миллион теңгенің 50%-ы аударылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жаппай жүруде. Сондай-ақ, екінші транш бойынша 2 үйге жоғарыда аталған қаржының 25%-ы аударылған. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда 266 үйдің іргетасы қаланып, 138 үйдің қабырғасы өрілуде. Сонымен қатар, 19 үйдің шатыры жабылған. Бұдан бөлек, 36 үйдің құрылыс алаңы дайындалып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін ретке келтірілген. Осы уақытқа дейін ауылда 314 үйге бұзу жұмыстары жасалған. Жалпы ауылда 1093 құрылысшы 24 ұжымға бірігіп, еңбек етуде. Бұған дейін Өзбекстан Республикасы тарапынан фирдоусилықтарға үйлерді бұзу үшін арнайы техникалар көмек берген болатын.
Айта кетейік, Фирдоуси ауылы 1981 жылы құрылған. Елді мекеннің жер көлемі 1357 гектарды, оның ішінде егістік жердің көлемі 1279 гектарды құрайды, 2377 тұрғын тұрады. Ауылда мектеп, балабақша, медицина пункті бар. Сонымен қатар, 182 шаруа қожалығы, 2 мал бордақылау алаңы, 2 сауда нүктесі, мақта түту цехы мен диірмен жұмыс істейді.