• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 16 Шілде, 2020

Есіл ауданының әкімі кеңсесін уақытша Үркер тұрғын алабына көшірді

486 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтанда қаланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

13-17 шілде аралығында жедел бақылау және қордаланған мәселелерді шешу үшін аудан әкімі Берік Жәкенов және оның командасы кеңсесін Үркер тұрғын алабына көшірді. Аудан әкімдігі жауапты мемлекеттік органдар мен қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің арасынан Үркердің мәселелерін шешу үшін жұмыс тобын құрды. Бір апта бойы ашық кеңістікте Есіл ауданының әкімі Үркер тұрғындарын қабылдайды.

"Осы уақыт ішінде біз 50-ден астам адамды қабылдадық. Жарықтандыру, жол мен инженерлік желілер мәселелері өзектілігін жоғалтпайды – біз сол жерде түсіндірмелер береміз. Соған қарамастан, әрбір өтінім тіркеліп, пысықталатын болады", деді Есіл ауданы әкімі Берік Жәкенов.

Биыл Үркерде 2700 ағаш пен көшет отырғызылады, оның 1080-і отырғызылды. Сонымен қатар "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы аясында екі қоғамдық кеңістік абаттандырылуда. Аудан әкімдігінің мердігерлері қамыс пен арамшөптер жинауды жалғастыруда. Қазірдің өзінде бес көшеде 17 мың шаршы метр шөп шабылды.

Сонымен бірге Экология полициясының қызметкерлері қала сырты мен аймақтарына қоқыс пен құрылыс қалдықтарын төгуге жол бермеу мақсатында түсіндіру жұмыстарын, рейдтер жүргізуде. Екі күн ішінде 15-ке жуық бұйрық шығарылып, Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша 10 хаттама жасалды. Өз кезегінде қалалық сәулет басқармасы жер учаскелерін(игерілмеген) түгендеу, жатақхана мен көпқабатты ғимараттар салу жоспарларын нақтылау жұмыстарын бастады.

Сондай-ақ жеке тұрғын үй салуға, ШОБ, заңсыз жатақханаларға арналған рұқсаттар берумен айналысуда. Бүгінгі таңда нысаналы емес мақсаттағы 80-нен астам учаске анықталып, материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін жер инспекциясы органдарына тапсырылды.

Бұдан бөлек, "Астана су арнасымен" бірге ашық ұңғымалардың тізбелері, кәріз құбырларындағы ақаулар тексеріліп, су тарту және судың қысымын реттеу мәселесі пысықталып жатыр. Тұрғын алабының аумағында қоңырауларға жедел жауап беру үшін мобильді база салынуда. Ал "Астана қалалық жарық" көше жарықтандыру құрылғыларына түгендеу жүргізуде. Биыл Үркерде 250-ден астам жаңа жарықтандыру шамдары орнатылады.

Жол, кәріз және инженерлік желілер құрылысы бойынша жұмыстардың әкімшісі – отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы. Мердігерлер №593 көшесіне асфальт төсеуде. Қазір 1,5 км асфальт төселіп үлгерді, биыл барлығы 6 км жолды асфальттау жоспарланған. Ә.Қашаубаев көшесінде (Қозыкөш бұрышы) инженерлік желілер, Саттарханов көшесінде жер асты сулары деңгейін төмендету жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Бекет ата көшесінің бойында кәріз желілері тартылуда. Еске салсақ, Нұр-Сұлтанның барлық төрт ауданында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жолдар жөнделуде. Қоғамдық орындар (аллеялар, скверлер, саябақтар), аулалар мен спорт алаңдары салынып, ағаштар отырғызылуда.