Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2022 жылға жоспарланған жасөспірімдер арасындағы Дакар (Сенегал) Олимпиадасын 2026 жылға ауыстырды, деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.
Шешім ХОК басшысы Томас Бах пен Сенегал президенті Маки Саллдың екі күн бұрын болған әңгімесінен кейін қабылданған. Коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылғы Токио Олимпиадасының кейінге шегерілуі барлық спорттық додаларға кері әсерін тигізіп жатыр. Індеттің таралуының салдарынан жасөспірімдер Олимпиадасы да төрт жылға кейінге қалдырылды.
ХОК сессиясы бүгін өтеді, жиын барысында Олимпиада мерзімінің ауысқаны мақұлданады. Айта кетерлігі, Сенегал 2022 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасына жалғыз үміткер болған.