Түркістан облысы Төлеби ауданында 13 мамыр күні қатты жауын-шашын салдарынан су арналары тасып, сел орын алған болатын.
Салдарынан үйлерді су басып, зақымданды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, аудандағы 42 үй жарамсыз деп танылып, жаңа баспаналардың құрылысы басталған-ды.
Бүгінде салынып жатқан үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы 42 үй тамыз айының басында толық аяқталып, иелеріне табысталатын болады. Ол баспаналардың 17-сі – Леңгір қаласында, 2-і – Киелітас, 22-сі – Сұлтан-Рабат, 1-і – Ынтымақ ауылдарында соғылуда. Қазіргі таңда 22 үйдің шатыры жабылып, терезелері орнатылған. Ішкі электр желісін, жылу жүйелерін жүргізу мен ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүруде. Баспаналардың жалпы аумағы – 2640 шаршы метр. Үйлердің құрылысын 9 мердігер мекеме жүргізуде.