Өңірдегі "Нұр-Ана әлемі" қоғамдық бірлестігі мүшелерінің бастамасымен "Өлең-сөздің патшасы" тақырыбындағы рухани-әдеби-танымдық шара жалғасуда, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Рухани шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы 24 этномәдени орталық өкілдері қатысуда.
Абайдың 175 жылдығына арналған шара онлайн түрінде де өтуде. Ұлы ақынның шығармаларын, өзге ұлт өкілдері арасында да насихаттайтын жоба қазан айына дейін жалғасады.
Ал, қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқайды. Қоғамдық бірлестік жетекшісі Бақытжамал Максилованың айтуынша, әр этно-мәдени орталық ақын шығармашылығын негізге ала отырып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыруы шарт.
"Мысалы, біздің әжелер "Алтын сандық" жасап шықты. Осы сандыққа қатысушылар Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты бір құнды мәліметті салуы тиіс", - дейді.
Сөйтіп, "Алтын сандыққа" жиналған үздік құнды мәліметтерді "Өлең - сөздің патшасы" рухани шарасының қорытындысында ашып, жария етіледі.
"Қазір рухани жобаның кезегін жобаның шарты бойынша, Қарашай-черкес және қабарда-балқар этномәдени орталығы қабыл алды. Абайдың 175 жылдығы-қазақ халқы үшін ұлы мерейтой. Біздің орталық та рухани мәдени сыйлықтар-ән-өлеңнен шашу шашпақ", - дейді "Эльбрус" мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мария Байрамқұлова.
Сондай-ақ, "Алтын сандыққа" құнды мәлімттер жинау бастамасына "Нұр-Ана әлемі" қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған "Келіндер клубы" мен "Нұр болашақ" тобының мүшелері де бірлесіп, көмектесіп, қолдау көрсетуде.
Павлодар облысы