Тәртіп сақшылары, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері карантин режимін бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік шараларды жалғастыруда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Нұр-Сұлтан қаласында 5 шілдеден бастап карантин тәртібін бұзудың мобильді топтармен – 76 жағдайы, полицияның біріккен күштерімен – 68 жағдайы анықталды. Бұзушылықтар туралы материалдар денсаулық сақтау саласының жергілікті атқарушы органы – тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне берілді", – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта мониторингтік мобильді топтардың саны 8 бірлікті құрайды. Оларда 49 адам, оның ішінде полиция, тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен еріктілер бар.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті азаматтарды қоғамдық орындарда жауапкершілік танытып, санитарлық нормаларды сақтауға, сондай-ақ карантин шаралары кезінде полиция қызметкерлерінің талаптарына түсіністік танытуға шақырады. Індеттің таралуының алдын алу мақсатында полиция мен волонтерлер карантин режимін сақтау және жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажеті туралы тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар полиция ойын-сауық, қоғамдық тамақтану орындары, моншалар, сауналар, аттракциондарға барып, олардың иелеріне қолданыстағы карантин шаралары туралы ескертеді.
Құқық бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.