Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасымен тегін дәрі-дәрмектерді Атырау қаласы мен жеті ауданнан 3000 отбасыға тарату көзделіпті. Дәрі-дәрмектердің құны 30 млн теңгені құрайды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
"Мемлекет азаматтарымызды қолдауды бір сәт те тоқтатпайды. Бұл аймақ басшысы Махамбет Досмұхаметовтің бастамасымен және "Біз біргеміз" облыстық қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бір-бірімізге көмек қолын созып, осындай қиын уақытта қолдау көрсету - бәріміздің ортақ міндетіміз, патриоттық парызымыз. Біз бұқараның әлеуметтік аз қамтылған 7 санатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады", - деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
"Jas Otan" жастар қанатының еріктілері мен 50-ге авто-ерікті 30 түрлі дәрі-дәрмек салынған пакетті әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 7 санатына таратуды бастады. Атап айтқанда, аса мұқтаж жандарға, көпбалалы және табысы аз отбасылар, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекше балалары бар отбасылар, төмен зейнетақы алатын және әлеуметтік аз қамтылған топқа кіретін зейнеткерлер, жетім балалар, тыл еңбеккерлері мен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар мен оларға теңестірілгендер қамтылады.
"Волонтерлар дәрі-дәрмектерді жеткізуді бір күн бұрын бастады. Әр жиынтықта маска, дене қызуын түсіретін, сондай-ақ, жөтелді басатын дәрі-дәрмектер бар", - деді еріктілер штабының жетекшісі Әйгерім Жәрдемқызы.