Мамандар қымыздың иммунитетті көтеретінін, сондықтан әлемді дүрліктіріп жатқан коронавирусқа қарсы шараның бірі осы қазақтың ұлттық сусыны екенін айтуда. Саумалдың өз қасиеті, ашып үлгермеген қымыздың өз әсері, ашыған қымыздың өз ерекшелігі барын да ескертуде.
Қымыздың құдіретін жақсы білетін Төле би ауданының Жастар ресурстық орталығы мамандары мен еріктілері ауруханада жатқан науқастарға 300 литр саумал-қымыз бен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға дәрі таратты.
Аудандық Жастар ресурсттық орталығының басшысы Пердебек Сержанұлы: «Дертке дәру, жанға шипа болсын деп саумал және қымыз тараттық. Қазір үш ауруханада 123 науқас бар екен, әрқайсысына үлестірдік. Алдағы уақытта да осы үрдісті жалғастырмақ ниетіміз бар. Өйткені ем ретінде жүйелі пайдалану науқасқа оң әсер етеді деп сенеміз», дейді. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен 500 дана парацетомол дәрісі аудан орталығындағы дәріханалар алдында тұрғындарға тегін таратылды. Оның 100 данасы Леңгір қалалық ауруханасына берілді.
Ал Созақ ауданында жергілікті кәсіпкер Базарбай Нұрланов ауруханаға 2 тыныс алу аппаратын сыйлады. Бұл оттегі концентраторы Шолаққорғандағы орталық және Таукент кентіндегі ауруханаларға табыс етілді. Сондай-ақ Сайрам ауданының кәсіпкерлері 5 млн теңге көлемінде қаржы жинап, оның 3,5 млн теңгесіне 19 «Бобров» медициналық тыныс алу құрылғыларын сатып алған. Өкпе қабынуына, коронавирус індетіне шалдыққан науқастарға аса қажетті құрылғылар аудандық орталық ауруханаларға орнатылды.
Түркістан облысы