АҚШ-тың алдағы жылдары да Литваға оқу-жаттығу мақсатында әскер жіберіп тұратыны белгілі болды. АҚШ-тың Әскер министрі (Қорғаныс министрлігіндегі азаматтық лауазым) Райан Маккарти Вильнюске сапарынан кейін бұл елдің әскер саласына қомақты инвестиция құятынын байқап, АҚШ әскері бұл жерде де даярлануы керек деген шешім шығарды.
Бұл үшін тіпті АҚШ-тың Германиядағы әскерінің саны қысқармақ. Республикалықтардың отырысында ГФР-де 34 500 әскерден 25 000 ғана қалатыны белгілі болды. Алайда республикалықтар бұл өзгерістерге алаңдаулы. Олардың ойынша, бұл Ресейдің пайдасына аспақ. Ал Вильнюске сапарлап қайтқан Райан Маккарти былай дейді: «Екі елдің қарулы күштеріне бірге жаттығып, біріккен операциялар өткізген пайдалы болмақ. Бұл деңгейдегі серіктестік, қауіпсіздік пен тұрақтылық Литва ІЖӨ-нің 2 пайызын қарулы күштерді жаңғырту мен қару-жараққа жұмсаудың нәтижесінде мүмкін болып отыр».
Келісімнің кәміл екенін министрдің бірнеше айдан кейін Польшадағы АҚШ әскерінің жартысы Литваға баратыны туралы мәлімдемесі нақтылай түсті. Әскердің нақты саны белгісіз, алайда бір батальоннан кем болмайтыны хабарланды. Ал 2022 жылға дейін Литва жеріне АҚШ-тан бір рота көшірілмек.
«Алдағы бірнеше жылда Литвада түрлі әскери күштер қызмет етеді. Біздің әскерлеріміз одақтастарымызбен иық тірестіре бірге жаттығады. АҚШ Литваның НАТО бойынша одақтасы болып қала бермек. Ал одақтастардың негізгі міндеті – Еуропада қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектесу», деді Маккарти. Сонымен қатар ол жұмыстардың барлығы келісіліп істелетінін және аймақтағы қорғанысты күшейтуге бағытталатынын ескертті.
Литва өз жерінде АҚШ-тың әскери әлеуетін күшейтуге қашанда мүдделі. 2019 жылдың қазан айынан бастап биылғы маусымға дейін Литвада Abrams танкілерімен АҚШ батальоны жаттыққаны белгілі. Онымен қоса Литва НАТО-ның ІЖӨ-нің 2 пайызын әскеріне жұмсайтын 9 мүшесінің қатарына қосылды. Көп сарапшылар мұндай көрсеткішке Еуропаның батысындағы елдер АҚШ президенті Дональд Трамптың қысымының арқасында қол жеткізді дейді. Ал Washington Post басылымы Литваның экономикасын ескере отырып, осындай өзгеріске қадам басқаны да АҚШ әскерін жіберіп, серіктестікті нықтай түсуге лайық етті деп жазады. «Германия әлемдегі төртінші ірі экономикаға ие. Соның өзінде ІЖӨ-нің 1,38 пайызын ғана қорғаныс саласына жұмсайды. Ал НАТО-ның 2006 жылғы келісімі бойынша, мүше мемлекеттер ІЖӨ-нің 2 пайызын әскерге бағыттауға тиіс. Осы орайда Польша, Болгария, Румыния, Литва, Латвия, Эстонияның талапты орындағанын ескерсек, Германиядағы АҚШ әскерін аталған елдерге жіберу әбден құптарлық. Бұл олардың серіктесітігіне жауап болар еді», деп жазады АҚШ басылымы.
Бұл өзгерістерді НАТО-ның Ресей шекарасындағы күшін реттеу деп қабылдап жатқандар да аз емес. Балтық елдерінің бұған дейін де АҚШ-пен үлкен сомадағы қорғаныс келісімдерін орнатқаны хабарланған-ды. Кейбірі мұны ресейлік агрессияның алдын алу десе, кейбірі күнтізбедегі кезекті мәселе ретінде түсіндіреді. Ал Мәскеу алдағы уақытта батыстағы көршілеріне қандайда бір қысым көрсетуді жоспарламайтынын айтып ақталды.
Жалпы, Литва тарапы АҚШ әскерінің Еуропада орналасуына мүдделілігін жасырған емес. Өйткені әскери оқу-жаттығудың артында әскери әлеуеттің жаңғыртуына салынатын инвестиция да бар. Бұл көптен қолданылып келе жатқан тәжірибе. АҚШ әскерінің биыл қай мемлекеттерді бағытқа алатыны келесі аптада хабарланады. Ал Литва 2030 жылға дейін әскерге ІЖӨ-нің 2,5 пайызын жұмсауды мақсат еткенін хабарлап үлгерді.
«Біз АҚШ-қа елімізге орналастырғанына шын ризамыз. Өйткені бұл – НАТО-ның Балтық теңізі аймағындағы әсерін нықтай түсетін фактор. Біз өз кезегімізде америкалық әскерлерге қолайлы жағдай туғызуға бар күшімізді саламыз. Сонымен бірге жаңа әскер күтетінімізді жеткіземіз», деді Литва Қорғаныс министрі Раймундас Кароблис.