Елдегі қиын жағдайға қарамастан Сирия үкіметі сәуірге белгіленген парламент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдаған. Әлемдегі пандемия салдарынан шара осыған дейін екі рет кейінге қалдырылып келген-ді. Ресми мәлімет бойынша 250 орынға 2 мыңнан астам үміткер қатысуға ниет білдіріпті. Сарапшылар үміткерлер саны көп болғанымен, «Баас» партиясына бәсекелес болатын оппозиция өкілдерінің аз екенін айтып отыр.
Сайлауға түскендердің көбі билеуші партиядан немесе президент партиясының қолдаушылары екенін алға тартады. 2016 жылғы сайлауда 200 орынды президент Башар әл-Асадтың жақтастары иемденген еді. Биыл да сайлау нәтижесі осыған ұқсас болуы әбден мүмкін. Ел аумағының 70 пайызында 7 мыңнан астам сайлау учаскесі құрылған. Күнін әрең көріп отырған халықты сайлаудан гөрі елдегі ауыр экономикалық жағдай алаңдатады.
Таяу Шығыс институтының Сирия бойынша сарапшысы Карам Шаардың айтуынша, елдің 90 пайызы кедейлік қамытында отырғандықтан тұрғындардың басты уайымы қарапайым өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ету болмақшы. Жаңадан құрылған парламент жаңа конституцияны бекітуді жоспарлап отыр, ал президент Асад премьер-министрді тағайындайды. Одан бөлек парламент келесі президент сайлауына түсетін үміткерлерді де бекітеді. Сайлау нәтижесі сейсенбі күні белгілі болады.