• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Шілде, 2020

Азия суларында қарақшылар көбейген

117 рет
көрсетілді

Әлемдегі ең ірі сауда ба­ғыт­тарының бірі Сингапур бұ­ға­зында қаңтар айынан маусым айына дейін 16 қарақшылық оқиғасы тіркелген. Былтырғымен салыстырғанда ашық теңізде жасалған шабуылдар саны екі есеге артқан. Биылғы жар­ты­­жыл­дық бойынша жасалған баян­­дамада бұл жағдайды пандемиямен байланыстырған екен.

Шабуылдар көбейген ай­мақ­тар қатарында Бангладеш, Үн­дістан, Индонезия, Филиппин, Вьетнам және Оңтүстік-Қытай теңізі бар. Ноксвиллдегі Тен­нес­­си университетінің Теңіз қарақ­шылығын зерттеушісі Брэндон Принстің пікірінше, Азиядағы қарақшылық пен қарулы шабуыл­дардың басым бөлігі мүмкіндікті пайдаланушылық сипатқа ие. Кейде жергілікті балық аулаушылар қосымша табыс көзі деп осындай заңсыз әрекетке барады. Одан бөлек жұ­мыс­­сыз қалған жастар да қарақ­шылыққа бет бұрып жатады. Шағын топтан құралған қарақ­шылар үлкенірек кемелерге баса көктеп кіріп, металл сынығы, қоз­ғалтқыш бөлшектері, кемедегі бай­ланыс құралдары мен экипаж мүшелерінің жеке заттарын қара нарықта қайта сату үшін тонайды. Сарапшылар ғаламдық пандемия кесірінен жұмыссыз қалғандар есе­бінен қарақшылық әрекетке бара­тындар саны артуы мүмкін еке­нін айтып, алаңдаушылық біл­діріп отыр.