Пандемия кезінде өзі білім алып жүрген Шотландияда карантинде қалған колледж студенті 48 күнде велосипедпен үйіне жеткен. 20 жастағы Грекия азаматы коронавирус салдарынан әуе жолдары жабылғанын естіп, туған жеріне қарай велосипедпен шығып кетеді. Мұндай шешімге Абердин университетінің инженерлік факультетінің студенті Клеон Пападимитриу рейсі үш рет ұшпай қалғаннан кейін барған.
Афинадағы үйіне дейін ол 2175 мильді велосипедте бағындырам деп шешкен. Ол жолға 10 мамыр күні шыққан. Өзімен бірге саяхатқа арналған шатыр, ұйықтайтын қап, консервілер мен нан алған. Жол бойы ол ормандарда, далада, кейде қонақжай адамдардың үйінде түнеген. 27 маусымда оны туған жерінде туыстары, достары және арнайы мобильді қосымша арқылы жолын бақылап отырған бейтаныс адамдар қошеметпен күтіп алған.
Үйіне жеткенге дейін жас саяхатшы Англия, Нидерланд, одан бірнеше күн Германияны, Аустрия мен Италияның шығыс жағалауын жүріп өткен. Елу күнге жуық саяхатын қорытындылай келе Пападимитриу көп нәрсе үйренгенін айтады. «Жеке тұлға ретінде дамыдым, өзіме деген сенімім артты. Бұл жолды жүріп өтпеген болсам, мұндай әрекет қолымнан келмес деп ойлар едім», дейді ол. Пандемия кезінде өмірлік сабақ алған студент жазғы жұмысымен қатар қазір келесі саяхаттарын да жоспарлап жүрген көрінеді.