Түркістан облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 364,4 шақырым. Биыл өңірде құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 541 нысан немесе 1 295,6 шақырым жол мен елді мекен көшелерін қамту көзделген. Жыл соңында 526 нысан немесе 1 015,9 шақырым жол пайдалануға беріледі, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай, негізгі басымдық облыс аумағындағы халқы тығыз әрі шекара маңында орналасқан оңтүстік аудандардың (Шардара, Мақтаарал, Жетісай, Келес және Сарыағаш) автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту мәселесіне берілуде. Бұл ретте, қазіргі таңда "Түркістан-Шардара" бағытындағы облыстық маңызы бар КХ-8 "Өзбекстан шекарасы-Шардара-Арыс-Темірлан" автомобиль жолының жалпы 162,6 шақырымында және жол бойындағы 8 көпірде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жұмыстар аяқталған кезде облыс орталығы мен оңтүстік аудандар арасындағы арақашықтық 120 шақырымға дейін қысқаратын болады. Осы аралықтағы жолдың 145 шақырымы ағымдағы жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.