• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 21 Шілде, 2020

Жеке адам ғана емес, тұтас ұлт сыналатын кезең

352 рет
көрсетілді

Адамзат баласы тағы бір ауыр кезеңді бастан кешіріп жатырмыз. Мұндай ауыр жағдайларды бабаларымыз да басынан өткерген. Біз Жаратушы Иемізден әрдайым жеңілдік, жақсылық тілеушіміз. Алайда өмірдің де өз заңдылықтары бар. Жақсылығына шүкір ете білсек, ауырлығына сабыр ете білуге тура келеді.

Мұндай қиын кезеңде әр жеке адам ғана емес, тұтас ұлт сыналады. Қалай төтеп береді? Қалай қорғана алады? Қалай күресе алады? Қайтіп жеңеді? Бәрі – сын. Мұндай алапат сын жеткен жұрт сүрінбеуі мүмкін емес. Әлемдегі небір алпауыт елдердегі жағдай соның айғағы. Тек сүрінгенде бір-бірімізге сүйене білуіміз керек. Табаласпай, жағаласпай жағаға шығуға тиіспіз. Аман-есен жағаға жетсек, ақылдаса отырып, кеткен кемшіліктерімізді түзеудің амалына көшер едік.

Бұл індет сөз жоқ айылымызды жиғызды. Тәубемізге түсірді. Ісін оңды жүргізе алмайтын шенділер мен шектен тыс дарақылыққа салынып, ысырапқа жол беріп келе жатқан жұрттың жаға-жеңін түзеп, ақшаны қайда жұмсауды, уақытты қалай пайдалануды, балаларды қай бағытта оқытуды, бәрін-бәрін басқаша қарастыру керектігі жөнінде қазірдің өзінде үлкен ой салуда деп есептеймін. Іс басындағы азаматтар мен қарапайым қазағымның ішінде әлі де еш ойланбай жүргендер болса, оған әрине налисың.

Бұл індеттің бетін жүйелі жұмыс, саналы тәртіп қана қайтара алатынын көріп отырмыз. Дәрі-дәрмектің қолжетімді болуына кедергі келтірген адамдарға қатты ренжідім. Іші ергежейлі адам­дар. Өз бауырларымыз. Елден, елдің басшысынан ұялмай ма екен?

Өз басым халықтың қасіре­ті­нен қаражат жасаған адамдар төбе көрсеткен осындай қиын кезеңде Қасым-Жомарт Тоқаев секілді қолы таза, биік мәдениетті кісінің Прези­дент болып отырғанына шүкір дедім. «Қарамайсыңдар ма? Ұял­май­сыңдар ма?» деп айтып отыр­ғаным да сондықтан. Ақылы, ары бар азаматтар үлгі алар деген үміт­темін.

Осы індеттің қарамағына ілініп бақилық болған бар адам­ның жақындарына көңіл айтамын. Қаншама қимасымыз кетті. Жан­дары жәннатта болғай!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Індеттің беті тезірек қайтса екен деп тілей­мін. Соған баршаңыз тәртіпке бағынып, карантин талаптарын сақтап, ат салы­сыңыз- дар.

 

Әкім Тарази,

жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты