А.Байтұрсынов атындағы университет пен Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогика университеті қосылып, енді Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті деп аталатын болды. Таяуда ғана білім ордасының басшылығы онлайн-брифинг өткізіп, бір жылға созылған бірігудің соңғы нүктесі қойылғанын мәлім етті.
Өкініштісі, Қостанайдағы көзі қарақты қауым кемеңгердің аты-жөнін Байтұрсынов емес, Байтұрсынұлы деп жазған дұрыс болатынын айтқалы 20 жыл өтті. Бірақ елдің есті сөзіне университет басшылығы құлақ асар емес. Бұл жолы да қаперіне алмапты. Әйтпесе, екі ЖОО қосылып, бүкіл құжат ауысып жатқан сәтте бір тиын шығындамай-ақ «-ов»-ты алып тастап, орнына оп-оңай «ұлы»-ны қоя салуға болатын еді.
Естеріңізге сала кетсек, Алматыдағы тіл білімі институты Байтұрсынов емес, Байтұрсынұлының атында. Ел астанасында да Байтұрсынұлы көшесі бар. Алаш ардақтысының өзі де көзі тірісінде 1925 жылдарға дейін жеке құжаттары мен еңбектеріне «Байтұрсынұлы» деп жазып келгені тарихтан мәлім.
Ендеше, бәрі «ұлы» деп жазып жатқанда, Ахаңның туған жеріндегі университет «-ов»-тан неге айырылғысы келмей отыр?..
ҚОСТАНАЙ