Мақтаарал ауданында жаңадан іргетасы қаланған шағынауданда құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүруде. Құрылыс алаңында 31 мердігер мекеме, жалпы 386 тұрғын үйдің құрылысына 1427 адам жұмылдырылған, деп хабарлайды Egemen.kz
Шағынаудан ауызсу, жарық пен газбен қамтамасыз етіліп, байланыс желісімен жабдықталады. Абаттандыру жұмыстары аясында саябақ пен 2 спорт алаңшасы, 1200 орындық мектеп пен 280 орындық бала-бақша салынуда. Сондай-ақ дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр.
Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарын бақылап, су басқан Өргебас және Фирдоуси ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Өргебас ауылында орналасқан Қ.Аманжолов атындағы №22 жалпы орта мектебінің құрылысын тексерді. Облыстық бюджет есебінен былтыр құрылысы басталған 200 орындық жаңа мектеп биыл пайдалануға берілмек. Сондай - ақ мұнда фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы басталған.
"Қысқа мерзімде ауқымды жұмыстар атқарылды. Халықты тіршілікпен қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдар қалпына келтірілуде. Тұрғындарды ертерек баспаларына жайғастыру үшін құрылыс жұмыстары күшейтілді. Жауапты аудан әкімдері, басшылары осында. Құрылысты уақытында аяқтау үшін күн-түн демей еңбек етуде", деді Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен кездесуде.
Өргебас елді мекенінде 209 үй орналасқан. Онда су басқан үйлер бұзылып, аумағы тазартылып, үйлердің іргетасы құйылған, 70 үйдің қабырғасы қаланып, шатырлары жабылуда. Құрылыс жұмысына 613 адам тартылған. Фирдоуси ауылын қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда ондағы 96 үйдің қабырғасы қаланып, шатырлары жабылуда. Жалпы құрылыс жұмыстарына 1002 адам тартылған. Сонымен бірге, ауылдағы ауызсу жүйелерін қайта құру жұмыстары аясында 33 шақырым құбыр жүргізіліп, ұңғымалар бұрғыланған. Абоненттік жәшіктер орнатылып, жаңа су мұнарасын орнату жұмыстары басталған.