• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Оңтүстік Қазақстан 21 Шілде, 2020

Түркістанда 130 мыңға жуық оқушы үй жағдайында интернет желісіне қосыла алмайды

274 рет
көрсетілді

Түркістан облысы аумағындағы 910 мектепте білім алатын оқушылар саны – 499 535, деп жазады Egemen.kz

Ал бірінші сынып оқушылары биыл 1 тамызға дейін eGov.kz порталы арқылы тіркеледі. Яғни алдағы уақытта оқушылар саны арта түседі. Қазіргі таңда 2020-2021 жаңа оқу жылын қашықтан оқытуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, оқу процесін ұйымдастырудың түрлері жан-жақты қарастырылуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев бірінші тоқсанда шалғайда орналасқан шағын жинақы ауылды мектептерді қоспағанда, барлық мектептерде 1-11 сынып оқушылары қашықтан білім алатынын айтып өтті.

"Облыстағы 139 шағын жинақы мектептегі оқушы саны – 12 378. Егерде аталған мектептер орналасқан елді мекендерде індеттен қауіп жоқ болса, санитарлық эпидемиялогиялық қызметтің рұқсатымен дәстүрлі түрде оқытылатын болады", деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар облыстағы қалған мектептерде бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша, ахуал жақсарған жағдайда, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі.

Алдағы уақытта еліміздегі ахуал дұрысталып, қауіптің сейілгеніне көз жеткізген кезде, мектептерді біртіндеп аралас оқыту және штаттық форматта оқытуға көшіру жүргізілетін болады.

"Ұстаздар мен оқушылардың үй жағдайындағы қашықтан оқыту мүмкіндіктері де қарастырылуда. Облыста 499 535 оқушы болса, бұл 200 мыңнан астам отбасының балалары. Жасалған талдау қорытындысы бойынша, облыстағы 28% отбасы үй жағдайында интернет желісіне қосыла алмайды (130 мыңға жуық оқушы), ал 34% отбасында компьютерлік техника жоқ (60 мыңнан астам оқушы). Қазіргі таңда, осы оқушыларды интернетпен және компьютермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Мектептердегі техникалар келісіммен уақытша пайдалануға берілетін болады", деді Рақымбек Қуатбекұлы.

Бұдан өзге, облыстағы 65 колледж 2019-2020 оқу жылында автоматтандырылған интерактивті платформалардың көмегімен студенттерге техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асырды. Жаңа 2020-2021 оқу жылында да қашықтан білім беруді аталған платформалардың көмегімен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

 

 

Түркістан облысы