Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Макеннің төрағалығымен бейне-байланыс арқылы коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі штаб отырысы өтті, деп хабарлайды covid19.astana.kz сайты.
Отырыс барысында COVID-19-ға қарсы әрекет ету комиссиясының жұмыс барысы, аудандық мониторинг топтарының санитарлық-эпидемиологиялық және шектеу шаралары талаптарының сақталуы, сондай-ақ елорда дәріханаларындағы дәрі-дәрмектердің бағасы мен қол жетімділігін бақылау мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағында аудандық мобильді мониторинг топтары құрылған. Топтардың міндеті – жүргізіліп жатқан карантин шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, санитарлық қорғаныс құралдарының (санитайзерлер, тепловизорлар, маскалар және т.б.) бар-жоғын тексеру, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында кәсіпкерлік субъектілерінің карантин режимін бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу.
"Есепті кезеңде – үстіміздегі жылдың 5-ші және 20-шы шілдесі аралығында мобильді мониторингтік топтар 335 кәсіпкерлік субъектілеріне санитарлық нормаларды сақтау бойынша тексеру өткізді, 159 субъектіде бұзушылықтар анықталды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментімен карантин шаралары кезеңінде жұмыс режимін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-тармағы бойынша 20 әкімшілік материал жасалып, 20 әкімшілік айыппұл салынды (шағын кәсіпкерліктің әрқайсысы 230 АЕК мөлшерінде, егер төлем 7 күн ішінде жасалса, қысқартылған тәртіппен – 115 АЕК, орта бизнес – 310 АЕК, қысқартылған тәртіппен – 155 АЕК)", – деді елорда әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі сараптамалық-мониторинг тобының жетекшісі Шыңғыс Қуатбеков.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда өткен тәулікте полиция қызметкерлері, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіретін мобильді топтар 78 карантин тәртібін бұзушылықты анықтады. Оның 57-і маска тағу және әлеуметтік қашықтық сақтаудың міндетті талаптарын бұзғаны үшін.
"Барлық мемлекеттік органдар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды қоғамдық орындарда санитарлық нормаларды сақтауға шақыруы керек. Демалыс күндері тұрғындар топтық ойын-сауық ұйымдастырып, елорда шетіндегі көлдерде карантин режимін ғана емес, қоршаған ортаны да ластауда", – деді Б. Макен.
Отырыс соңында Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары аудан әкімдіктеріне полиция департаментімен, Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментімен бірлесіп, қала маңындағы аудандарға рейд жүргізуді және карантин режимі мен қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі туралы халықпен профилактикалық әңгімелесу жүргізуді тапсырды.