Қызылордадағы темір жол ауруханасына 2 оттегі концентраторы табыс етілді. Құны 1 млн теңге болатын бұл құрылғыларды "Авто-Лидер Қызылорда" ЖШС директоры, жас кәсіпкер Нұрболат Ибраев алып берген, - деп жазады Egemen.kz
Кездесуде қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов адам жанына араша түсіп жүрген медицина қызметкерлеріне мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Індетпен күресте өңірдің ерікті тұрғындары белсенділік танытып келеді. Еріктілер қатарында кәсіпкерлер, құрылысшылар, мәслихат депуттары да бар. Жомарт жүрек жандардың арқасында аз уақытта 41 млн теңгеден аса қаржы жиналып, аймақ орталығындағы емдеу мекемелеріне қажетті құрал-жабдықтар алынды. Оның ішінде 48 оттегі концентраторы бар. Ел жанды азаматтардың қолдауы жұтым ауаға зәру жандардың көңіліне медеу болды.