• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Шілде, 2020

Covid-19: Еуропа екпені ендігі жылы енгізбек

258 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламалар жөніндегі бас директорының орынбасары Сумия Сваминатанның айтуынша, COVID-19-ға қарсы әлем жұртшылығын жаппай вакцинациялау 2021 жылдың екінші жартысында басталуы мүмкін.

«Бүгінде 20 вакцинаға үміткер клиникалық тәжірибеден өтуде. Біз вакцинаның табылатынына үміттіміз», деген С.Савимантан клиникалық тәжірибелердің нәтижесі алдағы жылдың басында мәлім болатынын, одан соң вакцина өндіріске жіберіліп, 2021 жылдың ортасынан бастап жаппай вакциналауға кірісу жоспарланғанын жеткізді.

* * *

Пандемиядан кейін Еуропа одағы елдерінің экономикасын қалпына келтіруде Италия басты бенефи­циар болмақ. Бұл жайында Италияның Премьер-министрі Джузеппе Конте мәлімдеді.

Кәрі құрлықта Италия COVID-19-дан ең қатты зардап шеккен ел санатында. Сол себептен Еуроодақ Аппенин түбегіндегі мемлекетке 81 млрд еуроны грант ретінде, ал 127 млрд еуроны кредит есебінде беруге шешім шығарды. Бұл ЕО жалпы қорының 28 пайызы көрінеді.

* * *

Сарапшылардың пікіріне жүгін­сек, Испанияға туристік сапармен келу таяу жылдары шетелдіктерге қым­­батқа түседі. Ал бағаның бұрынғы қал­пына оралуына бірнеше жылдан соң ғана мүмкіндік тумақ.

COVID-19 Испания экономикасына елеулі үлес қосатын шетелдік туризм саласына ойсырата соққы берді. Наурыз айында басталып, 3 айға созылған шекараның жабылуы, шілдеде пандемияның қайта өршуі Пиреней түбегіне келетін туристердің санын азайтты. Оның салқыны қонақ үйлер мен мейрамханалар жұмысына әсер етіп, олар лажсыздан бағаны көтеруге мәжбүр болған. Көптеген нысандар жабылып, былтыр ғана 83,7 млн турист қабылдап, жағажайларда ине шаншар орын табылмаған елдегі жағалаулар биыл бос қалды. Мадрид политехникалық университетінің профессоры Роберто Сентено және Мадрид әлеуметтік зерттеулер орталығының қызметкері Клара Торрес Крустің айтуынша, пандемия зардабын шеккен еуропалықтар шетелге шығуға, оның үстіне шілдеде ауру қайтадан бұрқ ете қалған Испанияға келуге қорқады. Ел билігінің адамдар көп жиналған жерде, тіпті жағажайларда бетті тұмшаламаса 100 еуро айыппұл төлетуі туралы шешім шығаруы да қолайлы болып тұрған жоқ. «Periodico» басылымы әдетте туристер легімен қайнаған қазандай болып жататын Бар­селона отельдерінің небары 20 па­йызы жұмыс істеп тұрғанын, елдегі 300 мың бар, мейрамхана, дәмханалардың бүгінде 60 мыңы жабылып, тамыз айында тағы 25 мыңы жабылатын нысандар қатарын толықтыратынын жазады.

* * *

«REGNUM» агенттігінің ақпаратына қарағанда ультракүлгін сәуленің вирусті жоятын қабілеті бар екен.

Милан мемлекеттік университетінің профессоры, иммунолог Марио Клеричи SARS-CoV-2 вирусының қоздырғышының ультракүлгін сәуледен жойылатынын мәлімдеп, осындай шамдармен жабық, ауасы желдетілмейтін ғимараттар ішін залалсыздандыруға болатынын айтады. Ғалымдар құрамында вирусы бар үлкен-кішілі су тамшыларын ультракүлгін сәуледен өткізу арқылы осындай ұйғарымға келген. Яғни кәдімгі ультракүлгін шаммен үйдің ішін де вирустан тазалап тұруға болады.

* * *

Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы бірігіп жа­са­ған КВИ-ға арналған тәжірибелік вак­цина дайын және оның ағзаға қауіп­сіздігі мен клиникалық тәжіри­бе­лерде иммундық жақсы әсері бар. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

AZD1222 деген атау берілген бұл вакцинаны ДДҰ ғалымдары әлемде қолдануға болатын басты екпе ретін­де қарастырып отыр. Вакцинаны тәжірибеден өткізу барысында антидене және Т-жасушалары түзілген. Атап өтерлігі, вакцинаның екі дозасын алған адамдарда бұл айқын көрініпті. Жобаны қаржыландырған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон нәтижені «өте жағымды жаңалық» деп бағалады. Алайда зерттеушілер вакцинаның әлі де зерттелетінін жеткізді.

* * *

Ирландия Батыс Еуропада азаматтарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен тегін қам­ты­май­тын жалғыз мемлекет бола­тын. COVID-19-бен күрес аталған жүйеге өзгеріс енгізді.

Вирусты тізгіндеу үшін бұл теңсіздік мемлекетке қаншалықты зиян болатынын жедел есептеген Ирландия үкіметі азаматтардың барлығын тегін тестілеуден өткізу, COVID-19 диаг­нозын анықтау, емдеу және телеконсультация берудегі қаржыландыруды мойнына алды. Бұған қоса елдегі жеке медициналық сектордағы қыз­мет көрсетушілермен келісімге отырып, олардың пациентті емдеуге кеткен шығынын толықтай көтерді. Осы тәжірибені болашақта да үзбеуді ой­л­аған ел енді барлық азаматтың тегін медициналық жәрдем алуын және сто­матологтар мен жалпы негіздегі дәрі­герлердің қызметіне жүгінуін жал­ғас­тыр­мақ.

* * *

Лондон королдік колледжінің ға­лым­дары коронавирус тудыратын ауру­дың 6 түрлі негізгі типі болатынын анық­тады.

Ғалымдардың айтуынша, симптомдарына байланысты 6 типке бөлінетін аурудың осыған сәйкес ауырлық дәре­же­сі де түрліше болады. Алғашқы еке­уін ғалымдар «тұмау тәріздес» деп бел­гілепті. Мұндай кезде адамның ба­сы сынып, иіс сезбеумен қатар жөте­ліп, тамақ ауыратынын айтады. Бірін­ші­сінде кеуде тұсы мен бұлшық еттері ауырғанымен безгек болмайтыны аңдалса, екінші типінде безгекпен қатар тәбет жоғалып, пациенттің кеудесі сырылдайды. Үшінші типте асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзылып, іш өтіп, асқа тәбет болмай, кеу­­де тұсы ауырады, бірақ жөтелсіз жүреді делінсе, төртінші түрінде бас ауырады, иіс сезу жоғалған үстіне жөтел буып, безгек қысып, кеуде сырылдағанға қоса үнемі бір шаршау, тұрақты түрде әлсіздік бой көтертпейді екен. Бесінші және алтыншы типі – ауыр түрі. Бұл кезде адамдардың басы ауырып, иіс, дәм сезбеумен қатар тамаққа деген де тәбет жоғалып, жөтел буып, тамақ, кеуде, бұлшық ет ауырып, безгек қысып, адам есінен шатасады. Ал ең соңғы алтыншы формада бас ауыру, безгек буып, иіс, дәм сезу, тәбет жоғалу, іш өту, деміккенге қоса кеуде мен іші қатар ауырып, бұлшық еттер қақсап, өкпе сырылдайды. Британдық ғалымдар бұл зерттеулердің вирусты жеңуде дәрігер қауымына көмекке келетініне сенім білдірген.

* * *

Еуроодақ пандемия басталғалы алғаш рет адамдар жинап саммит өткізбекші. Брюсселдегі жиынның бас­ты тақырыбы – ЕО бюджеті.

Атап айтқанда, 2021-2027 жылдар аралығындағы бюджетке қатысты мәселе жетерлік. Сонымен бірге саммиттің алғашқы екі күнінде ЕО-ға мүше мемлекеттердің пандемия әсерінен туындаған экономикалық қиындықтардан шығуының жолдары қарастырылады. Әрине одаққа мүше әр мемлекеттің көрпені өзіне көбірек тартқысы келетінен ойласақ, алдағы күндерде Брюссельдегі мінберлер қызу пікірталасқа толы болмақ.

 

Топтаманы дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»