• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Шілде, 2020

Эпидемияның екпінін басуға болады

162 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елімізде қабылданып жатқан эпидемияға қарсы шаралардың, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Ахуал бақылауға алына бастады

Отырыста атап көрсе­тіл­ген­дей, елімізде эпидемия­лық жағ­дай біршама тұрақтала бастады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандардың өсімі 2,1 %-ды құрайды, ең төменгі өсім Шымкент қаласында, тәулігіне – 1%, одан кейінгі көрсеткіштер Қы­зылорда облысында – 0,9%, Түр­кістан облысында – 0,8%, Ақ­төбе облысында – 0,5% тір­келді.

Республика бойынша нау­қас­тар­ға арналған төсектік орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мың төсектік орын­ға дейін ұлғай­тылды. Бос емес про­визорлық төсектік орындар 20%-ға (89%-дан 69%-ға дейін), бос емес реанимациялық төсектік орын 6%-ға (73%-дан 67%-ға дейін) азайды. Covid-тен сауығып кет­кендердің саны 60%-ға өсті, жедел жәрдемді шақырулар саны 23%-ға төмендеді.

Амбулаторлық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін 2962 БМСК мобильді бригадасы құрылды. Осы айдың соңына дейін мұндай бригадалар саны 3500-ге жетуге тиіс.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтқандай, бүгінгі таңда инфекциялық және про­ви­зорлық стационарларда 1958 ӨЖЖ аппараты бар, оған қо­сым­ша 4183 аппарат сатып алынады. 21 мыңнан астам төсектік орын­ оттегіге, 6237 орын оттегі кон­центраторларының есебінен қо­сылады. Бүгінде ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне – 32 мың. 1 та­мыз­ға қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 35,6 мыңға дейін, қыркүйекте 64 мыңға дейін көбеймек.

Елімізде 59 мемлекеттік және жеке зертхана бар. Бір рет пайдаланылатын медициналық үш қабатты бетперденің шек­ті бөлшек бағасы 28%-ға төмен­де­тілді. Бірін­ші желі қыз­мет­кер­лерінің (ме­дицина және құқық қорғау ор­гандарының қыз­мет­керлері) тамыз айын қоса алғанда жеке қор­ғаныш құ­рал­дарының резерві қалып­тасты. Үкімет ре­зер­вінен осы­ мақ­саттарға 7,2 млрд теңге бөлінді.

«Соның аясында 41 млн бетперде, 27 млн қолғап және 379 мың қорғаныш костюм, сондай-ақ 1,2 млн ПТР тесті сатып алынады. Жеке қорғаныш құралдарының осы резерві қыркүйектен бастап 2021 жылғы ақпанға дейін жасалады», деді министр.

А.Цой атап өткендей, Мем­ле­кет басшысы ауылдағы жағдайды жақсарту шараларын әзірлеуді тапсырды. Коронавирус инфекциясына ПТР растаған және пневмониямен сырқаттанған пациенттерге медициналық көмек көр­сету үшін ауыл деңгейінде 2,5 мың инфекциялық және 11 мың провизорлық төсектік орын қа­растырылды. Амбулаторлық кө­мек көрсету үшін ауылда 1493 мо­бильді бригада құрылады, бұл қа­жеттіліктің 94%-ын өтеуге тиіс. Ауылдарда 641 жедел жәрдем машинасы бар.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көл­­гінов өз кезегінде қатаң каран­тинді енгізу нәтижесінде елордада жағдай тұрақтала бастағанын атап өтті. Бас қалада коронавирус жұқтырғандардың саны – 8 619 адам, 5 511 адам емделді, 212 адам көз жұмған, 2 262 адам стационарда ем алып жатыр. Ауыр халдегі науқастар саны 30%-ға төмендеді. Стацио­нар­лар 16-ға жетті. Төсектік орын 1 051-ден 3 911 орынға көбейді. Резервте 1мыңға жуық орын бар.

«Егер карантин басында күні­не 300 тест өткізген бір ғана зертхана болса, қазір күніне 5 мыңға дейін тест өткізетін 9 зертхана жұмыс істейді», деді ол.

Шымкент қаласының әкі­мі­ Мұ­рат Әйтенов шаһарда COVID-19 вирусын жұқтырған аза­­мат­­тар­дың саны 4 453 болға­нын айтты.

«Инфекциялық және про­ви­зорлық стационарларда қысқа мер­зімде қосымша 3 050 төсектік орын­ ашылып, жалпы саны ­3 860-қа­ жетті. 151 реанимациялық тө­сектік орын бар», деді ол.

Шымкент қаласының емханалары үшін 58 ӨЖЖ аппараты, 250 «Бобров» тыныс алу аппараты және 26 реанимациялық монитор алынды. Әкімнің хабарлауынша, реанимациялық орынның 88,7%-ы немесе 134-і ӨЖЖ аппаратымен қамтылған.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жедел жағдай бойынша 21 шілдеде облыс стационарларында 2 520 науқас ем­де­луді жалғастырып жатқанын баяндады.

«Соңғы 2 аптадағы талдау жалпы эпидемиялық жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Қазір емделіп шыққан пациенттердің саны емдеуге жатқызылғандардан жоғары. Төсектік орын жүктемесі 50%-ға азайды. 2 апта бұрын бұл көрсеткіш 80% болған еді», деді Ж.Қасымбек.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 21 шілдеде облыста 2 753 жағдай тіркелгенін хабарлады.

«Жалпы пандемия басталған­нан бері төсектік орын 4 есеге жуық өсті. Бүгінгі таңда өңір бойынша бір мезгілде 3 988 адамды орна­лас­тыруға мүмкіндік бар, оның 337-сі инфекциялық, 2 636-сы – про­визорлық, 1 015-і резервтік төсектік орын. Бүгінгі таңда 1 173 бос орын бар», деді О.Оразалин.

Тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы әкімдіктерге, Денсаулық сақтау мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңірлердегі ауруханаларды ӨЖЖ аппаратымен тамыздың соңына дейін толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министр­лігіне әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңір­лерде ветеринарлық зертханалар базасында ПТР-тестілеу жөнін­дегі жұмысты ұйымдастыру және кадрлармен жасақтауды қамтамасыз ету, әкімдіктерге анализдерді өңірлердің зертханаларына жеткізудің тиімді логис­тикасын пысықтау тапсырылды.

Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ден­саулық сақтау және Қаржы министрліктеріне шұғыл түрде өңірлерді көшпелі диагнос­тикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды отандық өндіріс­тің цифрлы рентген аппараттарымен жарақтандыру мәселесін жедел шешуді, екі апта ішінде оттегі концентраторлары мен медициналық газдарды өңірлерге толық жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. «СҚ Фар­мация» шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, өңірлерге бір айға жететін­дей көлемде бөлу, сондай-ақ олардың сұранысын жоспар­лау­дың нақты жүйесін белгілеуі тиіс.

Премьер-Министр сонымен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан қала­лары мен Ақтөбе облысының үлгісі бойынша әр өңірдегі Тұрақ­­тандыру қорларында дәрі­лік заттар мен медициналық бұйым­дардың қорын жасауды мін­деттеді.

 

«Қарапайым заттар экономикасы» қай деңгейде?

Селекторлық отырыста «Қа­ра­­пайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында жер­гілікті қамтуды дамыту мәселесі де қаралды. Осы бағытта жүр­гі­зіліп жатқан жұмыс туралы «Ата­мекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, «Қара­пайым заттар экономикасы» бағ­дар­ла­масы аясында екінші дең­гейлі банктердің бизнес процесін оңтай­ландыру туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы Е.Бах­му­това, құрылыстағы қазақстан­дық қамтуды дамыту туралы Ин­­дус­трия және инфрақұры­лым­­дық даму министрі Б.Атам­құ­лов, реттелетін сатып алу­лар­­да­ғы жергілікті қам­ту­дың тиім­ді­лігін арттыру жө­ніндегі шара­лар жайлы Қаржы министрі Е.Жа­мау­баев, «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ сатып алу­лар­ындағы жергілікті қамту туралы қордың басқарма төрағасы А. Есімов баяндады.

«Қарапайым заттар эконо­ми­касы» бағдарламасының шең­берінде 491,5 млрд теңгеге 2 мыңнан аса жоба мақұлданды. Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстары қазақстандық қамту бойынша үздік өңірлер болып отыр. Ақмола, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары артта қалуда. Құрылыс саласының қарқынды дамуы арқылы соңғы 10 жылда құрылыс материалдарын өндіру көлемі 3,3 есеге – 176 млрд теңгеден 586 млрд теңгеге дейін артты.

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі хабар­ла­ғандай, құрылыс материалдары индустриясы қарқынды дамып келеді. Сектордың өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі – 6%. Бүгінгі таңда республикада құрылыс өнімдерін 1965 кәсіпорын өнді­реді. Онда 29 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мониторинг де­ректері бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың орташа жылдық жүктеме қуаты – 56%.

«Құрылыс саласының дамуы­на орай, құрылыс өнімдеріне қажеттілік те артып келеді. Елі­мізде соңғы 11 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 2,5 есеге (1,7 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін) өсті. Құрылыс саласының өсімі «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», ИИД МБ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауқымды инвестицияларға, ірі әлеуметтік-мәдени шараларды іске асыруға негізделген», деді Б.Атамқұлов.

Бүгінгі таңда құрылыс ин­дус­­трия­сының дамуын тежеп отырған өзекті мәселелер де бар. Ол: кейбір импорттық құры­лыс материалдардың көптігі; өн­дірістік қуаттардың толық жүк­телмеуі; өнімді өткізу кепілдігінің жоқтығы; сауда алаңдары туралы ақпараттандырудың төмендігі.

«Отандық кәсіпорындар 586 млрд теңгеге құрылыс материа­лын өндірсе, 348 млрд тең­геге импорттайды. Нарық сұран­ы­сын қамтамасыз ету үшін 33 жа­ңа жоба іске асырылуда. Оның 8-і импорт алмастыруға бағыт­та­лады. Осы жобаларды іске асы­ру нәтижесінде импорт үлесін 15%-ға төмендету және тұр­ғын үй құрылысында отандық өнім­дерді қолдануды 90%-ға артты­ру жос­парланып отыр», деді министр.

Елде құрылыс материал­дары­ның көпшілігі өндіріледі. Бірақ нарықтың сұранысын толық жаба алмайды. «Биыл біз құрылыс материалының 5 түрін (шыны, полиэтилен құбыр, құрғақ құры­лыс қоспалары, арматура, керами­калық тақтайша) өндіру бойын­ша импорт алмастыратын 8 жо­баны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың өндіріс көлемі 103 млрд теңгені құрайды. Бұл жобалар ішкі нарықтағы импорт үлесін 15%-ға төмендетеді», деді Б.Атамқұлов.

Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы рәсімдік тосқауылдарды жою бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Қаржыгерлер қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша банктердің бизнес процесін оңтайландыруды – несие өтінімдерін қарау мерзімін, құжаттар тізбесін қысқарту және кепіл саясатын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Құрылыс саласында да жергі­лікті қамту үлесін арттыру мақ­сатында Үкімет басшысы Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне барлық та­раптардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі тиісті заң­намалық және нормативтік өз­герістерді пысықтауды жүктеді.

Премьер-Министр Қаржы министр­лігіне «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік орган­дармен бірлесіп бір апта мер­зімде отандық тауар өндіруші­лердің мемлекеттік және квази­мем­лекеттік сектордың сатып алуына қатысуына кедергі келтіретін бар­лық жүйелік тосқауылдарды жою жөніндегі іс-қимыл алгоритмін дайындауды тапсырды.

А.Мамин Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша бизнестің қарсы міндеттемелерін цифрлық бақылау жұмысын екі ай ішінде аяқтау қажеттігін атап өтіп, осыған байланысты мем­лекеттік қолдаудың әр шара­сы бойынша тиісті заңнама­лық түзетулер пакетін дайындау­ды тапсырды. Бұл ретте «Ата­ме­кен» ҰКП цифрлық платфор­масының базасында бизнестің мін­дет­темелеріне мониторинг жүргізу жөніндегі қанатқақты жоба іске қосылатын болады.