Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми интернет ресурсында қазақстандық акушер-гинеколог Алтынай Қойшығараеваға арналған мақала жарық көрді, - деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алтынай Қарағойшиева Алматыдағы перзентханалардың бірінде акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Ауруханаға қазір коронавируспен ауыратын әйелдер әкелінеді. Бірақ бүгінде Алтынай босанған әйелдер мен жаңа туған сәбилер үшін ғана емес, сонымен қатар өз отбасына да ауру жұқтырмауы үшін жауапты, - деп жазды БҰҰ жаңалықтары.
Алтынай Қарағойшиева Алматы қаласындағы №1 қалалық перзентхананың босандыру бөлімінде 15 жылдан бері акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл перзентхана COVID-19 жұқтыруы мүмкін жүкті әйелдерді босандыратын оқшаулау орны ретінде таңдалғанда, ол бір сәт те ойланбастан, өз қызметінде қаламын деп шешкен.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың алғашқы жағдайлары осы жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталды. Індет анықталған алғашқы күндері билік ДДҰ қолдауымен медицина қызметкерлерін пандемия жағдайында жұмыс істеуге дайындауға арналған оқу курстарын ұйымдастырды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жұқпалы аурулар жөніндегі мамандары Алтынай жұмыс істейтін перзентхана қызметкерлерін де оқытқан. Онда дәрігерлер жаңа инфекциядан қорғану және COVID-19 індетіне шалдыққан адамдарға көмек көрсету бойынша тәжірибе алды.
Ертесі күні таңғы алтыдан бастап бізге COVID-19 диагнозы расталған адамдармен тығыз байланыста болған әйелдер келіп түсе бастады, – деп еске алады Алтынай.
Оның айтуынша, екі күннен соң ауруханаға карантиндегі жүкті әйелдер келіп түсе бастаған. Олардың көпшілігінің жаңа коронавируске тапсырған тесті оң нәтиже көрсетіпті.
"Бұл күні мен төрт әйелді босандырып алдым: үшеуі табиғи жолмен, ал біреуі кесарь тілігі арқылы босанды. Осы әйелдердің барлығы COVID-19 жұқтырған еді", - дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, пандемия босанатын әйелдерге көмек көрсету процесін қиындатқан. Мысалы, бүгінде медбикелер саны қысқарғандықтан, босанатын әйелдерді эмоционалды түрде қолдауға уақыт жетпейді. Толғақ кезінде ауырсынуды сезінетін әйелдер өздерін жалғыз сезінеді. Медицина қызметкерлерінің өздері де өзінің және балаларының денсаулығына алаңдайды.
"Мен перзентханада ауру жұқтырған пациенттермен жұмыс істеуден қорықпаймын, бірақ өз отбасым мен балаларым үшін уайымдаймын. Босанған ана мен жаңа туған сәбидің жағдайлары жақсы екенін көргенде, өз уайымымды жеңу оңай болады", - дейді Алтынай Қарағойшиева.
Оған тәулігіне 24 сағаттан қорғаныш костюмімен және маскамен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл оңай емес.
"Кейде үнемі маска тағу мен респиратор қолданғаннан тері көгеріп, қызарады. Ал кейбір әріптестерімде ондай заттарға аллергия бар. Масканы үнемі ауыстырып отыру керек, себебі олар ылғалды болады. Бұл – бүкіл әлемдегі медицина қызметкерлері үшін қиын уақыт. Сонымен қатар, біз бәріне ортақ проблемамен бетпе-бет келдік", - дейді ол.
Соған қарамастан, Алтынайға ауруханада жұмыс істеген ұнайды. "Мен өте төзімді адам екенмін. Қиындықтарды жеңе отырып, өз жұмысымды жалғастырғым келеді. Бұл оңай шаруа емес, бірақ анасы баласын құшақтап, саған алғысын айтқанда, барлық қиындық ұмытылады", - дейді Алтынай.