• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Шілде, 2020

Түркістан облысында коронавирустың таралуы 45 пайызға төмендеген

172 рет
көрсетілді

Түркістан облысында да, қауіпті инфекцияның таралуы 45 пайызға төмендеді. Мамандардың айтуынша,  өткен аптада ковид жұқтырғандар саны 293 болса, осы аптада 161 жағдай тіркелген, - деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан Ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Демек, вирус жұқтыру азайған. Айта кетейік, өңірде 2500-ден астам тұрғын індетке шалдыққан. Оның 153-і медицина мамандары. 2 мыңға тарта адам аман- есен ауруынан айықты. Өкінішке қарай, 53 адам қайтыс болды. Карантин талаптарын қадағалайтын облыс аумағында  73 мобильді топ бар. Олар тәртіп бұзған 700-ден аса нысанға шара қолданғанын айтады.

Ордабасы ауданында 100 төсек орынға лайықталған провизорлық орталық жасақталып жатыр. Ол үшін қазір аудандық орталық аурухананың ескі ғимараты жөнделуде. Құрылыс жұмыстары жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жиналған қаражатқа істелуде. Жергілікті биліктің айтуынша, құрылыс осы жылдың тамыз айында аяқталады.  Провизорлық орталықтың жалпы аумағы 1 жарым мың шаршы метр.

Ал Шымкент қаласында жұқпалы індетке қарсы дәрі- дәрмек қоры артып келеді. Жедел жәрдем шақыртулары екі есе азайған. Сондай-ақ ауруханадағы науқастар саны да кеміген. Провизорлық орталықтардағы төсек орындардың жартысы босап қалған.