• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
Білім 25 Шілде, 2020

Білім кәсіподағы Үкіметке жүгінді

1770 рет
көрсетілді

Бұл туралы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» Facebook парақшасында хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап алдағы төрт жыл ішінде еліміздегі педагогтердің жалақысы екі есе өседі. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап педагогтердің лауазымдық еңбекақысы 25%-ға өсті, 2021 жылдың қаңтарынан бастап өсім 50%-ға, 2022 жылдың қаңтарынан 75%-ға, 2023 жылдың қаңтарынан 100%-ға жетуі тиіс. Жалақының өсуі ЖОО мен ЖОО-нан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушыларынан басқа педагогтерге қатысты.

Бұл жаңалық білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін де сырт айналып өтті. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Салалық білім кәсіподағы осы қызметкерлердің жалақысын көтеру туралы мәселені ресми хат арқылы 16 наурыз 2020 жылы Білім және ғылым министрлігіне, 19 мамыр 2020 жылы Премьер-Министр Асқар Маминге жеткізді», деп жазылған ресми хабарламада.

Қазақстан Үкіметінің лауазымдық жалақыны көтеру туралы №1193 қаулысы білім беру ұйымдарындағы кітапханашыларға қатысты болса да, бірқатар өңірлерде осы қаулы орындалмай отырған көрінеді. Салалық кәсіподақ осыған орай да ҚР БҒМ мен Үкіметке хат жолдаған.

«Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін кітапханашылар мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысына қатысты мәселені ҚР Кәсіподақтар федерациясы алдында да көтерді. Жуырда ҚР Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке хат жолдады. Көтерілген мәселелер оңынан шешілетініне сенім білдіреміз»,- делінген қоғамдық бірлестіктің хабарламасында.