• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Шілде, 2020

Дәрі қорының тапшылығы анықталды

424 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердегі эпидемиялық жағдайды тексеру үшін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Сапар барысында облыстағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап, өңірдегі медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларында дәрі-дәрмектер қорының болуын тексерді.

«СҚ-Фармация» ЖШС қойма­ларын тексеру кезінде КВИ мен пневмонияны емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектердің екі түрі – декса­метазон және преднизолон дәрілері бойынша бір айлық қорының тапшылығы анықталды. Осы мәселені шешу үшін «СҚ-Фармация» ЖШС-ына Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп медициналық мекемелерге тиелген дәрі-дәрмектерге аудит жүргізу, сондай-ақ қысқа мерзім ішінде дәрілік заттардың қажетті қорын қамтамасыз ету тапсырылды.

Үкіметтік делегация сонымен қатар Ақтаудағы қонақ үйлердің бірінде медицина қызметкерлерінің тұру жағдайымен танысты. Бүгін­гі таңда қонақ үйде мамандар орна­ластырылған, оның ішінде басқа өңірлерден іссапарға жіберілген 11 әскери дәрігер бар.

Кездесу барысында медицина қызметкерлері тұру және жұмыс істеу жағдайлары, сондай-ақ өңірде енгізілген карантин шаралары арқылы ауруханаларда жүктеменің тұрақты азайғаны туралы айтып берді. Премьер-Министрдің орын­басары пандемия кезіндегі алдыңғы шептегі ерен еңбегі үшін медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Айта кетейік, COVID-19-бен күресу үшін өңірге 47 маман тартылды. Дәрігерлер екі ауысымда жұмыс істейді және карантин ша­ралары аясында 15 қонақ үйде оқ­шауланып тұрып жатыр, олар бар­лық қажетті заттармен, оның ішінде жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген.

Бұған дейін Е. Тоғжанов Қызыл­орда облысына барып, онда шұғыл кеңес өткізген еді және облыстық бірқатар медицина мекемелері мен дәріханаларды аралады.

 

Маңғыстау облысы