Соңғы апта ішінде Қостанай қаласына 3 мың килограмнан астам дәрі-дәрмек жеткізілді. Облыс дәріханаларын әлеуметтік маңызы бар дәрі препараттарымен толық қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 110 млн теңге бөлініп отыр.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудниктің айтуынша, облыс орталығына келіп түскен дәрі-дәрмектердің дені – қызу түсіретін, вирусқа қарсы, антибактериалды препараттар. Облыс әкімдігі дәріханалық желілер мен фармацевтикалық фирмалардың дистрибьюторларына көмек көрсету үшін 300 млн теңге көлемінде қомақты қаражат бөлген. Соның нәтижесінде жергілікті фирмалар медикаменттің мол қорын жеткізіп алды.
Қаржылай көмек алғандардың бірі облыс аумағында «Цветная» деп аталатын 30-дан астам дәріханасы бар «Витайм» ЖШС.
– Әкімдік пен жекеменшіктің арасындағы ынтымақтастық өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінде ел ішінде дәрі тапшылығына байланысты дүрбелең басылды. Біз бірнеше күннің ішінде аудандар мен қалалардағы дәріханаларымыздың бірін қалдырмай тұрғындарға қажет әлеуметтік маңызға ие дәрі-дәрмекпен толтырып қойдық. Олардың бағалары да бұрынғыдай, – дейді серіктестік басшысы Екатерина Авдеева.
Қостанай облысы