Биыл Қостанай облысында автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді жөндеуге жалпы сомасы 43 млрд 912 млн теңге қаржы бөлініп, 295 жобаны жүзеге асырылып жатыр.
Нәтижесінде аймақта жалпы ұзындығы 597,7 шақырым болатын автомобиль жолы жөнделеді. Мұның сыртында, биыл ауылдық елді мекендерде жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстары ерекше қарқынды. Жаз басталғалы Аманкелді, Алтынсарин, Әулиекөл, Қарабалық, Қарасу, Қостанай аудандарындағы күре жолдар оңдалып, бұрын-соңды асфальт көрмеген көшелерге тас төселіп жатыр.
Қазір Қостанай мен Тобыл қаласын жалғап жатқан облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойында жаңа көпір салынып жатыр. Бұл маңда қазір жергілікті тұрғындар «корей көпірі» деп атап кеткен көне көпір тұр. Одан бірнеше есе кең әрі қауіпсіздік талаптары толық ескерілген заманауи жаңа көпір ескі көпірдің оң жақ қапталынан түседі. Қазір Тобыл өзенінің үстінде құрылыс қайнап жатыр. Бас мердігер – «Қазақжолқұрылыс» ЖШС. Серіктестік құрылыс жұмыстарын жаз шыға бастап кетті.
Жобаға сәйкес көпірдің қарама-қарсы бағыттағы көлік жолы жолақтары төртеу болады. Жоспар бойынша нысан бастапқы орнынан едәуір оңға қарай жылжиды. Бұрынғы тар өткел секілді ескі көпірдің бұрылыс-бұлтарысы көп еді. Жаңа көпір облыс орталығының шығыс тұсынан шығатын Көбеев көшесіне тік жалғасып кететін болады.
– Жоба инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Құны – 4,4 млрд теңге. Көпір мүлде жаңа кейіпке енеді десек болады. Биыл мұндағы желілер ауыстырылып, көпірге 140 тірек тасы орнатылады. Екі қаланы қосатын көпірдің ұзындығы 261 метр болады. Егер бұрын ескі көпірдің ені 10 метр болса, жаңасының ені 24,5 метрге дейін кеңейтіледі.
Жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынып, диодты жарықшамдар орнатылады. Бұған қоса қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларын қою қарастырылған. Көпір құрылысын 2021 жылдың соңына таман аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Алексей Костюков.
Биыл жаз облыстың оңтүстік аудандарындағы елді мекендерді жалғайтын Әулиекөл-Жалдама автомобиль жолы да орташа жөндеуден өтіп жатыр. Күре жолды қалпына келтіруге 3,9 млрд теңге бөлінген. 100 шақырымдық автокөлік жолына жөндеу жүргізіп жатқан мердігер компания нысанды күзге дейін аяқтауды көздеп отыр. Сондай-ақ көптен күтім көрмей ой-шұқыры көбейіп тозып кеткен «Қарабұтақ-Қостанай» тас жолы жөнделуде. Қазір Рудный қаласынан Денисов ауылына дейінгі аралықта жол-құрылыс жұмыстары жүргізіп жатыр.
Қостанай облысы