Аймақтағы жол жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында жұмыс күші ретінде жергілікті тұрғындарды көптеп еңбекке тарту маңызды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының басты мақсаты да – осы.
Мемлекет қаржысына жөнделіп жатқан жол, я оңдалып жатқан нысан сол маңайдағы жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне де ықпал етуі тиіс. Бағдарламаның өңірде жүзеге асырылу барысы облыс әкімдігінде талқыланды. Жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары облыстағы күре жолдардың оңдалуы барысында еңбекке тартылған тұрғындар туралы есеп берді.
А.Костюковтың мәліметінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша аймақта жыл басынан бері 5,4 млрд теңге игерілген. Бағдарлама бойынша жалпы саны 5064 адамды еңбекпен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде 939 адам жұмысқа тұрыпты.
– Отыз шақты нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары әлі бастала қойған жоқ. Таяу күндері Әулиекөл, Бейімбет Майлин, Қамысты аудандарында 3 жоба қолға алынады. Алтынсарин ауданында 2, ал облыс орталығында 25 жобаны жүзеге асыруды бастаймыз. Бұл жобалар 2 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Олардың дені жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасатын болады. Мұның сыртында, жол жөндеу жұмыстарына пайдаланылатын материалдардың 90%-ы жергілікті кәсіпорындардан сатылып алынады, – деді А.Костюков.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жол құрылысына жауапты мекеме басшыларына мердігерлермен келісімшарт жасауда аса мұқият болып, жол жөндеу жұмыстарының орындалу сапасын қатаң бақылауды тапсырды.
ҚОСТАНАЙ