Таяуда ғана денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник облыс әкіміне аймақта індетке қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы есеп берді. Басқарма басшысы тұрғындардан шақырту көп түсіп жатқандықтан жедел жәрдем стансасының күшейтілген режімге көшкенін мәлімдеді.
– Жедел жәрдемге сұраныс тәулігіне 1400 шақыртуға дейін өсті. Мысалы, 7 шілде күні 1680 адам жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Пандемия белең алғаннан бергі басқа күндері 1100-1300 қоңырауға дейін қабылданған еді. Ал карантин басталғанға дейін орташа есеппен тәулігіне небәрі 760-ақ адам жедел жәрдем шақыртатын, – деген болатын В.Дудник.
Кеше басқарманың баспасөз қызметі соңғы күндері жедел жәрдем шақыртуларының біртіндеп азайып келе жатқанын мәлімдеді. Баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаеваның хабарлауынша, 15 шілдеден бастап жедел жәрдем қызметіне түсіп жатқан қоңыраулар саны орта есеппен тәулігіне 5%-ға төмендеп отыр. Мәселен, кеше жедел жәрдем стансасының фельдшерлері 1033 шақырту алған.
– Бұл – 1-шілдеден бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Біздің есептеуімізше, тұрғындардың жедел жәрдем қызметіне деген сұранысы 20%-ға төмендеп отыр, – деді К. Жылқыбаева.
Қостанай облысы